13 ақпанда «Астана Опера» театрының Камералық залында «Бәрі махаббат жайлы» атты концерт өтеді.
Махаббат – шығармашылық адамдары – музыканттар, ақындар, суретшілер үшін берекелі тақырып. Олардың туындыларында қыруар сезім, сол сезімге тән қуаныш пен шаттықтан бастап, қызғаныш пен ызаға дейін кездеседі. Концерттің авторы Ирина Кургузкина бағдарламаға түрлі ғасырлар мен жанрлардың музыкалық шығармалары енгізілгенін атап өтті. «Осы бір тамаша кеште тыңдарманға Ф. Лист, Р. Шуман, П. Чайковский, Г. Свиридов, А. Бабаджанян және Э. Григтің музыкасынан рақатқа бөленуді ұсынамыз. Концертте туындылар әртүрлі тілде орындалады, алайда музыка аударманы қажет етпейді, ол онсыз да жүрекке жетімді», - дейді концертмейстер.
Тыңдарманға мереке сыйлап, оларды өздерімен бірге күліп, уайымдауға мәжбүр ететін «Астана Опера» театрының солисттері: Айгүл Ниязова, Роза Нұркей (сопрано), Гүлжанат Сапақова (меццо-сопрано), Бейімбет Таңарықов, Нарұл Тойкенов (тенорлар), Жанат Шыбықпаев, Ескендір Әбжанов және Қазыбек Досмұхамбетов (баритондар), Артұр Қайыпқұлов (бас). Махаббат музыкасын тағы оркестр солисттері Қаламқас Жұмабаева (скрипка) мен Станислав Омаров (кларнет) орындайды.
Халықаралық конкурстардың лауреаты Қазыбек Досмұхамбетов У.Шекспирдің сонетіне жазылған Д.Б. Кабалевскийдің белгілі «Купидон құдайы» романсын орындайды. «Онда махаббаттың қалай пайда болғаны жайлы сыр шертіледі. Купидон – барша ғашықтар нышаны, аңызға сүйенсек, адамдар тағдыры соның қалауы бойынша қосылып жатады. Сонымен қатар мен Мүслім Магомаевтың репертуарынан А. Бабаджанянның «Рақмет саған» туындысын шырқаймын. Маңызы зор бұл ән ұлы әншіні әлемге әйгілі етті. Мен оның өнеріне табынамын және бұл мен үшін өзінше бір сын болатын ән, аса көрнекті шебердің орындау мәнеріне сәл де болса, жақындай түскім келеді», - дейді әнші.
Концертмейстер – Ирина Кургузкина.
Концерт 19:00-де басталады, билет бағасы 1 500 теңгені құрайды.
Сурет: ©Андрей Хамицевич