«Астана Опера» театрының екінші маусымындағы ең сұранысы жоғары қойылымы – Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық поэмасы 20 қазанда елордалық театрдың Үлкен сахнасында, II «Жібек Жолы» халықаралық фестивалінің аясында ұсынылады.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева қойған спектакль «Астана Опера» балетінің талантты солистерінің тамаша орындауында көркем түске енеді. Қаһарлы қырымның ханы Гирейдің бейнесін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров сомдаса, өзінің әміршісін жанындай жақсы көретін ынтызар, қызба Зарема партиясын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина орындайды. Бойжеткен әсем Мария рөлінде – Назерке Аймұхаметова, ержүрек Вацлав – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов, айнымас әскербасы Нұрәли – Бақтияр Адамжан.
Спектакльдің қоюшы хореографы Тұрсынбек Нұрқалиевтің айтуынша, «Бақшасарай бұрқағы» балетінің жаңа редакциясы – Ростислав Владимирұлы Захаровтың хореографиялық жауһарына бүгінгінің көзімен қарау.
Н. Волковтың драмалық либреттосындағы сюжетке А.С. Пушкиннің 1821-1823 жылдары қырымдық хандардың Бақша сарайын көргеннен кейінгі алған әсерімен жазылған аттас поэмасы негіз болған. Қайырымсыз да қаһарлы Гирей хан жүрегін польшалық жас князь қызы Марияның аяғына тастауға дайын. Алайда әсем поляк қызы мерт болған күйеу жігіті Вацлавқа адал. Қатігез ханның жүрегі қарс айырылады. Гирейдің сүйікті әйелі Зарема, қатал әміршісі қарамай кеткендіктен, оның мейірімін ояту үшін босқа әуреге түседі. Қызғанышы басына шапқан ол бәсекелесін өлтіріп қояды. Қолы жетпеген махаббатына естелік ретінде Гирей сельсебиль-бұрқағын салды, кейін ол «Көзжас бұрқағы» аталып кетті.
Балет 2 бөлімнен тұрады, 2 сағат 30 минутқа созылады. 1 антрактілі спектакль 19:00-де басталады. Билет бағасы 500 теңгеден жоғары.