- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" театры...
"Астана Опера" театры Біржан салды өмірге әкелмек
Қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына орай 2013 жылдың 8 қарашасында «Астана Опера» театрында композитордың үздік шығармаларының бірі «Бiржан-Сара» операсы Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Юрий Александровтың қойылымында ұсынылады.
Операның жаңа музыкалық редакциясының авторы – Абзал Мұхитдинов. Басты партияларды орындайтындар – опера сахнасының жұлдыздары Қазақстан және Татарстан Республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева және Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Ахмет Ағади. Алтынайдың рөлінде белгілі опера әншісі Дина Хамзина көрінбек, ал Естайдың партиясын Бейімбет Таңарықов ойнайды.
Қоюшы режисер Юрий Александров көрермен назарына «Бiржан-Сара» операсының финалы өзгертілген жаңа қойылымды ұсынады. Онда фольклорлық сарын екінші орынға қалады да операны адам сезімі билейді, сезім – бүгінгі заман адамына барынша таныс қасиеттер. Қоюшы режисердің өзіне қойған басты мақсаты – операны бүгінгі жас буынға түсінікті етіп қана қоймай, сондай-ақ, бірінші кезекте, көрерменге жеке бас драмасы мен мәңгілік махаббат идеясын жеткізу.
«Музыкалық театрда мен кісі өлімін мүлдем мойындамаймын, менің ойымша, бұл жерде айтылатыны басқа өлім, сол себепті кісі өлімі өмірде, театр сыртында қала берсін. Біз қойылым соңын өзгертіп, Біржанды өмірге әкелеміз, себебі, мен өнерді өлтіруге болмайды деп есептеймін. Біз бір өзгеріс енгіздік: екінші акт кезіндегі Біржан мен Сараның бір-біріне ғашық екені анықталатын дуэтті соңына қойдық», - дейді Александров.
Билеттер «Астана Опера» театрының кассасында. Бағасы: 500 тг. бастап 9000тг. дейін. Басталуы – 19:00
Театрда жүздескенше!
Сурет: "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі
Дайындаған: Мейіргүл Сержанқызы
Р. Роза