- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" театры...
"Астана Опера" театры "Бақшасарай бұрқағы" атты тамаша балет қояды
"Астана Опера" театры Б. Асафьевтің "Бақшасарай бұрқағы" атты тамаша балетінің тұсаукесеріне дайындық үстінде. Нағыз балет сүйер қауымды сәуірдің 11 мен 12 жұлдызында театрдың Негізгі залы күтеді.
Көпшіліктің сүйіктісіне айналған балеттің жаңа редакциясын қазақстандық хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева жасады. Спектакльдің көркемдік безендірілуін аса көрнекті итальяндық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино жүзеге асырды. Маэстро Фриджерионың "Астана Опера" үшін дайындаған декорациялары сияқты соны жұмыстарын әлемнің өзге театрларынан көре алмайсыз.
Декорациялардың көлемді болғанына қарамастан, олардың жалпы салмағы аса көп емес – бар болғаны 8 тонна. Бұған мықты да, жеңіл материал – алюминийді қолданудың арқасында қол жетті. Қатты декорациялар, күңдер мен басты кейіпкерлердің төсектері, барлық реквизиттер "Астана Опера" цехтарында жасалды.
Базалық жұмыстың сызбалары "Астана Опера" театрының сценографиялық жобаларды жүзеге асыру басқармасында жасалды. Бутафориялық цехтың жұмысшылары ең майда бөлшектерді де дайындау барысына өнерпаздықпен қарады. Декорациялардың басым бөлігі Италияда дайындалған. Көп жұмыс қолмен жасалды. Нәтижесінде, көрермен сахнадан бес қабатты ғимаратпен салыстыруға болатын конструкцияны тамашалай алады.
Декорациялар жиырма үш метр жерді алып жатса, олардың биіктігі он екі метрге жетеді. Алюминийден жасалған тірек бірегей шынылы пластикпен сырланған. Шеберлер епті жұмыстарды түпнұсқадағыдай қолмен жасап шықты. Декорацияның әртүрлі бөлігіндегі суреттерге алдымен шыны талшықтар салып, жақсылап пішінін келтіреді де, сосын барып суретін салып, ұқыптап бояп шығады. Шығыс тақырыбын жақсы көретін Эцио Фриджерио, өзінің шығармашылық тұрғыда ойластырғандарын матаға салынған суреттерде де іске асырды, бұл тамаша һәм күрделі өнердің бір түрі.
Спектакльде өте көп қолданылатын жарықпен итальяндық суретші Виничо Кели жұмыс жасаса, әсер беру жағына суретші Серджо Металли жауап береді. Бірінші және екінші актіде жоғарғы машинерия іске қосылады, яғни барлық көлемді декорациялар жоғарыға кетеді. Осы ғажап декорациялар Қазақстанға тікелей Италиядан төрт жүк көлігімен он күннің ішінде жеткізілді. Костюмдер Миланнан Астанаға ұшақпен 8 сағатта әкелінді.
Оларды үздік сахналық костюмдері үшін "Оскар" сыйлығын иеленген Франка Скуарчапино дайындады. Суретші итальяндық маталарды пайдаланды, отандық суретшілер үшін олардың атауы да таңсық еді, атап айтсақ, олар – мексикандық рафия, ацетат және басқалары. Франка біздің тігіншілер жұмыс істеп үйреніп қалған дәстүрлі маталарды – жібек, зығыр, органза, жасанды жібек, жаккард (қымбат маталардың бірі, себебі оны өндіру еңбек шығынын қажет етеді), букле және басқаларын пайдаланған. Маталардың түсіне көзің тоймайды, олар – ақ, қызыл, жасыл, саз түстес, сарғылт, табиғи көк, сары, қызғылт, сұр және қара.
Суретші бас-аяғы 186 костюмнің үлгісін дайындады. 26 киімді киетін кейіпкерлер – әтектер, күңдер, малайлар, черкестік жаяу әскер, католиктер және татар шалдар, олардың барлығын "Астана Операның" тігін цехында әзірледі. Шағын көлемдегі бұл костюмдердің де маталары Италиядан сатып алынды. Қойылымдағы әрбір кейіпкердің бейнесі нақты әрі фактуралық тұрғыдан суреттелген.
"Бақшасарай бұрқағы" спектаклінің әлемдік сахналарды бағындырғанына 80 жылға жуықтады. Композитор Борис Асафьевтің жазған музыкасы әдейі хореодрамаға шақталған, яғни оның сахналық тілі ерекше, айқын әрі түсінікті.
"Бақшасарай бұрқағының" жаңа редакциясының қоюшы дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов. Аталған балетте пантомимаға да ден қойылған. Қойылымға қатысатын 92 адам – барлық солисттер, кордебалет, миманс әртістері. Герей ханның партиясына бірден үш әртіс – Бауыржан Мекембаев, Жәнібек Иманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров дайындалып жатыр. Алайда тұсаукесердің алғашқы күнінде қоюшы хореограф – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің өзі ойнайды. Бұл партияны хореограф 36 жыл бойы сомдап келеді, алғашқы рет ол 1979 жылы осы балетті дүниеге әкелген Ростислав Захаровтың қойылымында билеген.
Князь қызы Марияның партиясын "Астана Опера" театрының жетекші солисті, Бордо Операсының (Франция) шақыртылған солисті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева орындайды. Балеринаға көп қырлы кейіпкерді сомдауға тура келеді, спектакльдің басында ол – нәзік және күйеу жігіті Вацлавқа өзінің бар махаббатын сыйлауға дайын тұрған бақытты қалыңдықты ойнайды. Кейін тұтқынға түскен кезде туғандары мен жақындарынан айырылған ол бақытсыздықпен үнемі қорқынышта өмір сүреді.
Тағы бір жарқыраған, қызық та, күрделі кейіпкер – Герейдің сүйікті әйелі – қызғаншақ Зарема. Ресейдің Халық әртісі, "Астана Опера" балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бұл партияға театрдың үш жетекші солистін дайындады, олар - Борис Эйфманның санктпетерборлық мемлекеттік академиялық балет театрының шақыртылған солисті Әйгерім Бекетаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина және Әнел Рүстемова.
"Бақшасарай бұрқағы" балетінің әлемдік тұсаукесері 1934 жылдың 28 қыркүйегінде Ленинградтағы С.М. Киров атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында (Мариинский) кесілді.
Сурет: театрдың баспасөз қызметі
Ф. Абилова