- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" театры...
"Астана Опера" театры әлемдік турнеден оралды
«Астана Опера» театрының труппасы 16 мың 267 шақырымды артта қалдырып, екі апта бойы жолда болды. Жолдың шаршататынына және басқа қиындықтарға қарамастан театрдың өнер ұжымы өзінің күш-қуатын АҚШ, Канада, Франция, Бельгия мен Голландияда көрсетіп, әлемнің үздік театрларымен бәсекелесе алатынын дәлелдеді.
Жас театрдың өнеріне дүние жүзі операсының зиялы қауымы ғана назар аударып қоймай, БАҚ өкілдері, блогерлер, қала тұрғындары мен қонақтары да өз көргендері-естігендерімен бөлісуге асықты. The New York Post, Opera News, Opera Magazine, Huffington Post, Examiner.com медиа компаниясы, Eljnyc.com, жылтыр журналдар: СОТЕ, Cadences, Classika, ғаламтордағы ақпарат көздері: Mans Up, Forum Opera, Artistik Rezo, Luxe Magazine, Blog Secret of Paris, Figaro Scope, KATV, НТВ (Нью-Йорк) және басқалары елордалық театр әкелген концерттік бағдарламаның қызықтығы жайлы жарыса жазып жатты.
Карнеги холдағы концерт туралы тәуелсіз блогер Meche Kroop эмоциясын жасырмады: «Егер Қазақстан Республикасы «Астана Опера» театрының әртістерін халықаралық гастрольге жіберу арқылы өздерінің алдыңғы қатардағы ұлт екенінен хабардар еткісі келсе, онда сөз жоқ, олар көздегеніне жетті. Олардың Карнеги холдағы бағдарламасына тәнті болғанымыз соншалықты, сол түні ұйықтамай ғаламторды шарлап, осы ел жайлы ақпараттан сусындадық. <…> Бұл кеште біз тек Қазақстанның музыкасына ғана қанық болдық, алайда тағы білсек деген қызығушылығымыз арта түсті. Бүгінгі таңда табиғаты ашыла түскен осы бір көне мәдениеттің алға басқан құлшынысы олардың мәдениеті әр алуан музыкалық бағдарламасынан-ақ көрініп тұр. Кешті ашқан шығарманың «Құдаша Думан» деп аталуы да таң қалдырмайды!», - дейді блогер.
«Астана Операның» гастроліне канадалықтар да жоғары баға берді: «Қазақтың дәстүрлі номерлері ғажап болды. Қазақ халық әндерінің Попурриі таң қалдырарлық және оркестрдің сүйемелдеуіндегі қазақтың ежелгі қос ішекті аспаптары: домбыра мен қобызы орындаған «Туған жер» дуэті әдемі де, есте қаларлық. Соңында орындалған А. Бородиннің «Игорь князь» операсынан «Қыпшақтар биі» ауқымды, жалынды әрі мықты шықты. 100 астам аспаптан құралған оркестр күйгелек, қуатты, мінсіз», - дейді шолушы Gloria Talamas.
«Астана Операның» концертіне жұлдыз қонақтар да қатысты. Дүние жүзінде әлдеқашан аттары шыққан - әлемнің үздік бас дауысы Елдар Әбдіразақов, аса көрнекті пианиношы Денис Мацуев, жас кемеңгер скрипкашы Ержан Күлібаев естен кетпес номерлерді орындап, залдағылардың зор ықыласына бөленді.
«Скрипкашы Ержан Күлібаев П. Чайковскийдің скрипкаға арналған ре мажор концертін тамаша орындап шықты; бізге әсіресе оның жеке орындаған каденциялары кезіндегі «желісі», арпеджио мен қалай құбылғаны ұнады. Және, әрине, хор. Метрополитен-операдағы қызыл гүлге толы даланың орнына көрерменде қызыл киген әншіге толы сахна болды. Хордың терең шырқайтыны соншалықты, көрерменнің көзіне жас ұялатады», - деп американдық радиостансалар хабарлап жатты.
Халықаралық алаңда беделге ие болдық. Әр концертте әртістердің жұмысын жоғары бағалаған неше түрлі театрлардың директорлары, агенттері отырды. «Көрермен әр номер сайын тұрып шапалақ ұрды – бұл тек жақсы өнер көрсеткеннің ғана емес, сонымен қатар жалпы өнер ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екендігінің көрсеткіші», - деп опера білгіштері ойларын білдірді.
Расында да, сирек орындалатын шығармалардан құралған мазмұнды концерттік бағдарлама ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Әртістер Отанға рухтанып, өздерін жеңімпаз сезініп қайтты. Бойға жаңа қуат жинап, әсерленіп келген олар, опера өнерін сүйетін қауымға өз күш-қуатын қайта сыйлауға дайын.
«Өнерімізге осынша тәнті болатынын біз де күткен жоқпыз және тіс қаққан шетелдік көрермен де мұндай концерттік бағдарламаны тамашалаймыз деп күтпесе керек. Сапарымыздың ең басты нәтижелерінің бірі, ол тату-тәтті «Астана Опера» ұжымының бұрынғыдан бетер жұмылып, шынымен де біртұтас болғаны. Ол өзінің күшіне, және дүние жүзінің ең атақты театрларының деңгейінде жұмыс істей алатынына сенді», - деп қорытындылады «Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов.
Сурет: © Astana Opera
Ф. Абилова