- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" Парижде...
"Астана Опера" Парижде концерт өткізді
«Астана Операның» концертінен кейін «Бастилия Операсы» үлкен әсерде болды. Ду қол шапалақ, зал толы адам, сыншылардың жоғары бағасы – 2 қарашада қазақстандық театрға осының барлығы күтпеген жетістік әкелді.
«Астана Опера» Парижге жұлдыз қонақтарды және ұлттық сарын көрініс тапқан өзгеше концерттік бағдарламасын әкелген еді, бәрі бекер емес екен. Концерт Париж уақыты бойынша 18:30 -да басталғанда,«Бастилия Операсы» театрына өту қиынға түсті. Классикалық музыканы сүйер қауым, белгілі хореограф Анжелен Прельжокаж бен аты аңызға айналған Пьер Карден бастаған күллі өнер саласының зиялы қауымы, үлде мен бүлдеге оранған атақты кісілер, айтулы суретшілер мен парфюмерлер, пікірінен жаңылмаған музыка сыншылары француздық Мельпомена ордасына қазақстандық өнерді тамашалауға келді.
Париждің БАҚ өкілдері «Астана Опера» әртістері мен театр директоры Төлеген Мұхамеджановқа концерттік бағдарлама және труппаның құрамы жайлы сұрақтарын жаудырып жатты. Директор оларға толыққанды жауап бергеннен кейін, журналисттер кеште көрерменнің «Браво» деп ықылас білдіруі толастамағанын тіледі.
Айтқандары айдай келді. Концерт А. Мұхитдиновтің басшылық етуімен Е. Рахмадиевтің «Құдаша Думан» шығармасымен басталғаны сол-ақ еді, залдағылар шапалақтарын аямады, ал одан кейін заманымыздың жас Паганиниі атанған Ержан Күлібаев өзінің өңдеуіндегі Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызын» асқан шеберлікпен орындады. С. Рахманиновтің фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті, до минор, ор.18 орындаған кештің жұлдыз қонағы Денис Мацуевті көрермен ерекше ықыласпен қарсы алды.
Бұдан кейін шағын үзіліс болып, тыңдарман өз әсерімен бөлісіп үлгерді:
«Мен қазірдің өзінде бүгінгі кешті «тарихи концерт» деп, тек біздің Қазақстанның ғана емес, Францияның өнері үшін де бұл «жаңа кезең» деп айтып жатқандарды естіп, өте қуандым, неге десеңіз, Орталық Азиядан келген, бүгінде әлемдегі ең жас театр осындай «Бастилия Операсы» сияқты орасан зор тарихы бар сахнада шынымен де бірінші рет өнер көрсетті. Мен Еуропада жиі дирижерлік етемін, алайда бүгін мен үшін өте ерекше күн, себебі мен біздің жас еліміздің мәдениеті мен өнерінің нышанына айналған өзімнің туған театрым «Астана Операмен» бірге өнер көрсетемін. Жас болғанына қарамастан, театр әлемдік биікке қарай қадамын қарыш басып келеді және мен көз алдымызда жазылып жатқан соның тарихына қатысты болғаныма өте қуаныштымын. Қазақстанның өнерін халықаралық деңгейде танып әрі бағалап жатқаны расында да, таң қалдырады. Біз шынымен де, әлемді мойындаттық, бұған бірінші дәрежеде тұрған қазақстандық музыканттар лайықты», - дейді кештің екінші бөлімінде өнер көрсеткен дирижер Алан Бөрібаев.
Келесі бөлім Дж. Вердидің «Аттила» операсының концерттік нұсқасымен жалғасты. Осы тұста «Астана Опера» мен «Бастилия Операсына» ортақ бір жайт бар екенін айта кету керек, неге десеңіз, белгілі итальяндық режиссер Пьер Луиджи Пицци 2013 жылы театрымыздың әлемдік тұсаукесерін осы спектакльмен ашса, ал 1990 жылы ол «Бастилия Операсының» тұсауын өзінің «Трояндықтар» операсының қойылымымен кесті.
Бас партияда Аттиланы әлемнің үздік бас дауыс иелерінің бірі Елдар Әбдіразақов орындаса, Одабелланы қазақтың жас әншісі, ғажап әсем дауысты Жұпар Ғабдуллина шырқады. «Астана Опера» төрінде өнер көрсеткен шақыртылған итальяндықтар Альберто Газале мен Массимо Джиордано болса, Эцио мен Форестоның партиясын сомдады.
Әлемге әйгілі сәнгер Пьер Карден концерттің өте қызықты, музыкалық орындау шеберлігі жоғары деңгейде болғанын атап өтті. «Оркестрдің соншалықты таза ойнағаны мені қайран қалдырды. Көзіммен көріп, құлағыммен естіген бүгінгі кештен үлкен ләззат алғанымды сенімді түрде айта аламын және концерт бәрімізге Қазақстанды жақсырақ тануға мүмкіндік берді», - дейді сәнгер.
Сурет: Карла Нур
Ф. Абилова