- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" нәзік...
"Астана Опера" нәзік жандыларға гүл сыйлайды
Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз қарсаңында "Астана Опера" театрының Камералық залында "Әйелдерге гүл сыйлайық!" атты концерт өтеді.
Театрдың үздік тенорлары, баритондары нәзік жандыларға арнап жалынды, лирикалық туындылар шырқайды. Көктемгі мерекеге орай ер азаматтар нәзік жандыларға сыйлық ретінде жарқыраған музыкалық шоу сыйламақшы.
Бұл "Bel Canto музыкалық салоны" абонементі аясында 2015 жылы өткелі тұрған алғашқы концерт. Бағдарламада опералық классикадан танымал шығармалар, мюзиклдерден үзінді, сондай-ақ қазақ, орыс және неаполитандық әндер бар. Оркестр музыканттары жеңіл қабылданатын әйгілі музыкалар әзірледі. Солисттердің орындауында "Иоланта" операсынан Роберт ариясы, "Евгений Онегин" операсынан Греминнің ариясы, "Риголетто" операсындағы герцогтің әні - "Сұлу қыздың жүрегі құбылмалы келеді" шырқалады. Сонымен қатар тыңдарманға құштарлық пен таңданысты паш ететін көпшілікке танымал әндер – "Соррентодан оралшы", "Тамаша асқақ келбетті", "Асыл арман", "Дудар-ай", "Қалқажан-ай!" және басқалары орындалады.
Концертте өнер көрсететін "Астана Опера" театрының солисттері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин (тенор), Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Артұр Қайыпқұлов (бас), халықаралық конкурстардың дипломанты Талғат Ғалеев (баритон), ҚР тұңғыш президенті – Ұлт Көшбасшысы қорының лауреаты Болат Есімханов (бас), халықаралық конкурстардың лауреаты Нарұл Тойкенов (тенор), халықаралық конкурстардың лауреаты Қазыбек Досмұхамбетов (баритон), халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Бәйнешов (тенор), Александр Красиков (баритон). Фортепиано партиясын халықаралық конкурстардың лауреаты Ернар Нұртазин орындайды.
Билет бағасы 1000 теңгеден басталады, 19:00-де басталады.
Сурет: abali.ru
Ф. Абилова