Астаналықтар мен қала қонақтары «Астана Опера» МОБТ мұражайы қорының 5 маусымда ашылатын «Сахна шежіресі» атты көрмесін тамашалаудың ерекше мүмкіндігіне ие болады.
Көрмеге Қазақстанның опера және балетінің Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Еркеғали Рахмадиев, Роза Жаманова, Сара Көшербаева, Бақыт Әшімова, Дәурен Әбіров, Василий Яковенко, Мыңжасар Маңғытаев, Сұлтан Байсұлтанов, Бибігүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Әлібек Дінішев, Қорлан Қалиламбекова, Рахима Жұбатұрова, Нұржамал Үсенбаева, Гүлжан Тұтқыбаева, Майра Мұхамедқызы, Жәмиля Баспақова сынды аса көрнекті қайраткерлері мен әртістерінің тарихи театрлық костюмдері мен фотомұражай материалдары қойылады.
«Астана Опера» мұражайының меңгерушісі Априза Құсайынова бұл өмірде бәрі өткінші екенін атап өтіп: «Бұл костюмдер, тұрмыс бұйымдары, жұмыс құралдары әртістерден қалған естелік, солардың көзі. Бұл заттар өткен күннің энергетикасын сақтайды. Сол кезде осы әртістер болмаса, бүгінгі мәдениетіміз дәл осындай бай болмас еді. Біз бүкіл Қазақстанның опера және балетіне тікелей қатысы бар экспонаттарды жинап, театрдың қорын құруды ұйғардық. Театрлық костюмдерді, мұражай құжаттарын, фотоматериалдарды ағымдағы жылдың ақпанында жинай бастадық. Абай атындағы опера және балет театры бізге Қазақстанның опера және балетінің белгілі қайраткерлері бейнеленген 11 картинаны және аса көрнекті әртістеріміздің сахнада киген костюмдерін құрметпен сыйға тартты. Біз тек солистер ғана емес, жалпы еліміздің опера және балетінің қалыптасуына қатысы бар барлық қайраткерлер жайлы да материалдарды жинауды мақсат еттік. Бүгінде біздің қорымызда 21 театрлық костюм және мыңнан астам фотомұражай материалдары бар. Біз мұнымен шектелмейміз, алда атқарылатын талай жұмыс бар», - деп сөзін аяқтады.
«Астана Опера» жаңа театрының сахнасында Қазақстанның Халық әртістері және Еңбек сіңірген қайраткерлері, опера және балет жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың есімдері сахна шежіресіне жазылып, өскелең ұрпаққа мұра болып қалады.
Экскурсияның басталуы: сағ. 11:00-ден 12:00 дейін және сағ. 15:00-ден 16:00-ге дейін. Билеттер «Астана Опера» театрының кассасында сатылады. Демалыс күні – дүйсенбі.
Сурет: "Астана-Опера" баспасөз қызметі
Дайындаған: Анар Мұстафина