Италиядағы «Астана Операның» Гала балеті демде өте шықты. Елордалық театрдың «Карло Феличедегі» гастролінің үшінші күнінде ине шаншыр жер болған жоқ. Көрермен бір ауыздан «Керемет, таңғажайып, естен кетпес, бұл бір жаныңды баурап алатын балет екен» десті.
«Жанды баурап әкететін балет» – италиялықтар «Астана Опера» өнерін осылай бағалады.
Әлеумет әртістер билеген кезде олардың актерлық шеберлігіне, ұлттық ерекшелігіне таңдай қақты. Классикалық нөмірлермен қатар Галада, К. Күмісбековтің музыкасына қойылған Ғ. Бөрібаеваның хореографиясындағы «Биші қайың» және Н. А. Тілендиевтің музыкасына қойылған З. Райбаевтың хореографиясындағы «Ата толғауы» билері бар. Италиялық көрермен өздері үшін таңсық қазақ билерінің орындалуын үлкен қызығушылықпен қадағалап, жарқыраған костюмдерге көз тойдырумен болды.
Жас әртістер – халықаралық конкурстардың лауреаттары Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаев «Аққу көлі» балетіндегі рөлдерін тамаша орындап шықты. В. Вайноненнің хореографиясындағы «Жаңғақ шаққыш» балетінен адажио ұсынған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов пен Назерке Аймұхамедоваға көрермен көпке дейін қошемет көрсетіп, жібермеді. В. Соловьев-Седойдың «Тарас Бульба» балетінен Гопак орындаған Еркін Рахметоллаев, Арман Оразов, Серік Нақыспеков пен Елдар Сәрсембаев әлеуметке ерекше жалын, көңіл-күй сыйлады. А. Аданның «Жизель» балетінен Pasdedeux орындап шыққан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина мен халықаралық конкурстардың лауреаты Досжан Табылды көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Гала балеттің бағдарламасын «Қыпшақтар биі» - А. Бородиннің «Игорь князь» операсынан көрініс аяқтады. Труппа барын салып биледі. Солистер бірнеше мәрте тағзым етіп, гүлін жаудырған көпшіліктің әр нөмір сайын шапалағы толастаған жоқ. Концерттен кейін олар қолтаңбаларын таратып, баспасөз өкілдерімен сөйлесіп жатты.
Сурет: Театр баспасөз қызметі