- Негізгі бет
- Театр
- «Астана Опера» Гала-концерт...
«Астана Опера» Гала-концерт қояды
ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің жабылу салтанатына арналған ғаламат Гала-концертте Италиядан келген қонақтар – атақты сырнайшы Нелло Сальца және дирижер Массимо Скапин өнер көрсетеді. Қарашаның 8 күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында музыкалық кеш өтеді, оған театрдың опера және балет жұлдыздары, тамаша хор мен керемет симфониялық оркестр қатысады.
Мерекелік концерттік бағдарлама А.Жұбанов пен Л.Хамиди жазған қазақтың классикалық «Абай» операсындағы әйгілі «Той бастар» көрінісі мен Айдардың ариясынан бастау алады. 25 қыркүйекте ІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалі театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев редакциясындағы дәл осы операның тұсаукесерімен ашылғанын атап өткен жөн. Бір жарым ай бойы театр көпшілік назарына 23 іс-шара ұсынды, оның ішінде 14 қойылым және 9 концерт бар.
Фестиваль күндері астаналық театр қонақтары, әлемдік опера жұлдыздары: баритон Джулио Боскетти (Италия), сопрано Акико Хаякава (Жапония) және Катажина Мацкевич (Польша), тенорлар Михаил Агафонов (Алмания), Михаил Векуа (Ресей), Нәжмиддин Мавлянов (Өзбекстан), дирижерлер Джузеппе Акуавива (Италия), Коичи Иноуэ (Жапония), Дориан Уилсон (АҚШ). Елордалық сахнада өнер көрсеткен солистер астаналық музыканттар шеберлігін жоғары бағалады.
– Опера – менің өмірім. Рөлдерімнің әрқайсысына бар жанымды саламын. Өмірімді музыкасыз, театрсыз, көрерменсіз, сахнадан алатын және көпшілікке беретін естен тандырарлық күш-қуатсыз елестете алмаймын. Мен осындай шеберлік деңгейі жоғары тамаша ұжыммен жұмыс жасағаныма өте қуаныштымын. Қазақстандық әріптестерімнің жылы қарсы алғанын және ізгі ниеттеріне риза болдым. Олар шын мәнінде маған қамқорлық көрсетіп, көп көңіл бөлді. Қазақстанда опера және балет өнеріне деген үлкен қызығушылықтың бары қуантады, оның бірден бір дәлелі – әр бөлшегі ерекше әсер сыйлыйтын театр ғимаратының ғажайып құрылысы, - деді Польшадан келген опералық әнші Катажина Мацкевич.
Мариинский театрының прима балеринасы мен премьері – Оксана Скорик пен Евгений Иванченконың тамаша өнері ду қол шапалақ пен «Браво!» деген мақтаулар тудырды. Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Евгений Иванченко «Астана Опера» театрының балеттік труппасына сүйсініп, әйелдер мен ерлер құрамының шеберлігін тілге тиек етті.
Фестиваль аясында театр сахнасында әйгілі пианиношы Жәния Әубәкірова және асқан шебер жапондық скрипкашы Кен Айсо, дәстүрлі кәріс музыкасының ең әйгілі ансамблі Noreum Machi, Ұлыбританиялық пианиношы София Рамэн, қазақстандық жас өнерпаздар Ермек Құрманаев, Арман Тілеубергенов, Болат және Ботагөз Тыныбековтер; «Астана Балет» мемлекеттік театры өнер көрсетті.
Көптеген музыканттар «Жібек жолы» фестивалінің арқасында қазақ классикалық музыкасының қазынасына жол ашылғанын айтты. Мысалы, Кен Айсо Мұқан Төлебаевтің шығармашылығына таңданған: «Фестивальге қатысуға шақыру алғанымда тек жапондық музыканы ғана емес, қазақ музыкасын да орындағым келді. Қазақстандық әріптестерім скрипка мен фортепианоға арналған ең жақсы пьесалардың бірі – қазақ композиторы Мұқан Төлебаев жазған «Поэма» шығармасын ұсынды. Шығармадағы тебіреністер, бейнелер жүрегіме тиді де, ол бірден жаныма жақын болып кетті».
Өз кезегінде театр әртістері қазақстандық орындаушылар үшін осындай іс-шаралардың маңызды екенін айтты. Солистер фестивальдің музыканттарға үлкен емтихан әрі әртүрлі елден келген әріптестермен бірлесіп жұмыс жасау, олардың шығармашылығымен танысу, тәжірибе алмасу – бұл да кәсіби шыңдалудың бір сатысы болғанын айтады.
Ғажап театрлық шара салтанатты Гала концерттің қызықты бағдарламасымен аяқталады. Осы кеште Италиядан келген сырнайшы Нелло Сальца және маэстро Массимо Скапинаның басқаруымен «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі сырнайға арналған репертуардағы техникалық жағынан ең күрделі пьеса – Ж.Б.Арбанның «Венециялық карнавал» тақырыбындағы вариациясын орындайды. Бұдан басқа, бағдарламада әлемдік опера классикасының жауһарлары ұсынылады.
Осы орайда «Астана Опера» театрының балеттік труппасы көркемдік жетекші, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың басшылығымен жаңа хореографиялық нөмірлер дайындады. Олардың ішінде итальян дель арте комедиялық халықтық театрының бетперде тақырыбындағы қызықты әрі ізгі қиял туралы Р.Дригоның «Арлекинада» балетінен па-де-де бар. Ц.Пунидің «Маркитантка» балетіндегі па-де-систі нәзік би техникасын және секірулердің көптігін бейнелейді. Жас хореограф Ксения Зверева біздің солисттерімізге арнап Ф.Шуберттің Скерцо атты музыкасына қазіргі заманға сай балеттік трио қойды.
Бас хормейстер – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, дирижерлар – ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Абзал Мұхитдинов, Айдар Абжаханов; Арман Оразғалиев.
Екі бөлімді концерттің басталуы – 18:00.
Г. Берік