- Негізгі бет
- Театр
- «Астана Опера» балетінің...
«Астана Опера» балетінің cолисі Лондонда өнер көрсетуге шақырту алды
«Астана Опера» балетінің жетекші солисі Әйгерім Бекетаеваға Ресейдің Халық әртісі Борис Эйфманнан оның труппасымен сәуір айының алғашқы күндері Будапештте, сәуірдің 15 мен 19 аралығында Лондонда, «Колизей» театрында өтетін гастроль барысында өнер көрсету жөнінде ұсыныс түсті.
Қазақстандық жас өнер ордасы Мариинский театрына гастрольмен барғанда Санкт-Петерборлық Мемлекеттік Академиялық Балет Театрының директоры Борис Эйфман Әйгерім Бекетаеваның «Өліп бара жатқан аққудың» рөлін ойнаған кездегі шеберлігіне тәнті болыпты. Бұған дейін Ресейдің Халық әртісі «Астана Опера» театрының труппасымен «Роден» балетінің тұсаукесерінде жұмыс жасаған, ол кезде нәзік Әйгерім Бекетаева Камилла Клодельді биледі. Жас әртіс еуропалық сахналарда да осы рөлді орындайды. Аталған балеттің хореографиясы әдеттегі классикадан жоғары болғандықтан, Әйгерімге біраз оңай соқпағаны анық. Ондағы басты кейіпкер адамның денесі және оның мүмкіндіктері болып табылады. Жетекші солиске жүктелген жауапкершілік өте жоғары, біріншіден, бұл «Роден» балетінің Лондондағы тұсаукесері, екіншіден, Борис Эйфман ешқашан өзге театрдан әртістер шақырған емес, бұл Әйгерім Бекетаева үшін үлкен құрмет.
Әйгерім Бекетаева - Алматыдағы А. В. Селезнев атынтағы хореографиялық училищенің түлегі. 2012 жылы Варнадағы (Болгария) балет әртістерінің халықаралық конкурсының лауреаты атанды, бір жылдан соң – Рудольф Нуриев атындағы балет әртістерінің халықаралық конкурсының лауреаты және балет әртістері мен хореографтарының XII халықаралық конкурсының (Мәскеу) дипломанты болды. Балерина өзі үшін жаңа эйфмандық жанрды ашқанына қуанышты екенін жасырмайды: «Мен өз кейіпкерімнің қандай сезімде, эмоцияда болғанын дәлме-дәл жеткізу үшін ол жайлы көптеген кітаптар оқыдым, фильм көрдім. Өте көп жұмыс жасалды, маған дейін бұл рөлді ойнағандар сахнадағы сезімді жеткізу мақсатында сол атмосфераны ұғыну үшін жүйкесі ауыратындардың ауруханасына да арнайы барған», - дейді ол. Әйгерім бірнеше жылдан кейін оның Камилласы мүлдем басқа болатынын, оның өсетінін айтады.
«Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Нұрқалиев Тұрсынбек «Астана Опера» театрының солистері өзге елге барып өнер көрсету үшін қажетті кәсіби деңгейде екені аса құрмет екенін, осылайша театр әлемдегі жетекші театрлармен қатар тұратынын атап өтті.
Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina