- Негізгі бет
- Театр
- «Астана Опера» әртістері...
«Астана Опера» әртістері Миландағы «Экспо-2015» жабылуында өнер көрсетеді
«Астана Опера» балетінің жетекші солисі Әйгерім Бекетаеваны және балет солисі Еркін Рахметоллаевты «Экспо-2015» жабылу салтанатында, аты аңызға айналған итальяндық LaScala театрының сахнасында өнер көрсетуге шақырды. Қазақстандық бишілер қатысатын гала-концерт Миланда 30-31 қазанда өтеді.
Әртістер П.И. Чайковскийдің «Аққу көлінің» үшінші актінен па-де-де және «Ұйқыдағы ару» балетінен па-де-де орындайды. – Миландық театрдың сахнасында классикалық номерлер көрсету – біздің театр үшін, жалпы балетіміз үшін үлкен құрмет. Бір жыл бұрын La Scala труппасы бізге гастрольмен келіп кеткен еді. Балеттің көркемдік жетекшісі Махар Вазиевәртістеріміздің «Аққу көлі» балетіне репетиция жасап жатқанын көріп, олардың кәсіби деңгейіне таңдай қағып, «Экспо-2015» жабылуында өнер көрсетуге шақырған, - деп атап өтті балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев.
Миланда Дүниежүзілік «Экспо» көрмесі 2015 жылдың 1 мамыры мен 31 қазаны аралығында өтетінін айта кетейік. Аталған шара күллі адамзатты толғандыратын тақырып төңірегінде көпшіліктің басын қосады. Биыл көрме сән, дизайн және өнер қаласы – Миланда өтіп жатыр, алLa Scalaтеатры оның көрікті жерлерінің бірі. Бұл ғимарат 1776-1778 жылдары сәулетші Джузеппе Пьермаринидің жобасы бойынша Санта-Мария делла Скала шіркеуінің орнына салынып, театрдың атауына осы шіркеу негіз болған.
Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаев сахнаға шыққанға дейін бес күн бұрын барып,25 қазанда Италиядағы әріптестерімен репетиция жасайды. Сахнаға әртістер «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино (Италия) әзірлеген костюмдерімен шығады.
Балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев қазақстандық солистердің өнері итальяндықтар және осы ұланғайыр шараға жиналатын қонақтартарапынан үлкен қызығушылық тудыратынына сенім білдірді.– Әртістеріміз үшін бұл сапар, бәрінен бұрын, - үлкен тәжірибе. Олар әртүрлі елдің бишілерін тамашалап, олардың билеу стильдерін, балет мектептерін салыстыруға мүмкіндік алады және бұл оларды кәсіби тұрғыдан шыңдайтыны сөзсіз.
Ф. Абилова