- Негізгі бет
- Театр
- «Астана Опера» әншісі...
«Астана Опера» әншісі Қазақстан тұңғыш рет қатысқан сайыста жеңіске жетті
«Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметова немістің ауқымды әншілер байқауларының бірі Neue Stimmen-ге қатысып, ‘Klassik Herbst in Gutersloh’ Forderpreis ('Гютерслодағы Классикалық Күз' марапаты) сыйлығын иеленді.
Байқау қазанның 6-13 аралығында жүріп, 1428 адам өтінім білдірсе, арасынан 40 адам іріктеліп, финалға тек 9 әнші жете алды. Солардың арасында біздің отандасымыз Салтанат Ахметова болды. Ол іріктеу кезеңінде Г.Ф. Гендельдің «Юлий Цезарь» операсынан Клеопатраның ариясын орындады. «Бұл сайысқа қатысу үшін алдымен қазылар алқасы үш ай дүние жүзі бойынша жүргізген іріктеуден өту керек. Мен Берлиндегі іріктеуден өттім. Қазақстан бұл сайысқа тұңғыш рет қатысты», – дейді Салтанат Ахметова.
Қатысушыларға өте жоғары деңгейдегі пианистер сүйемелдеу көрсеткен. Қазылар алқасының құрамында Еуропа, Америкадағы ірі театр басшылары мен басқа да агенттіктердің директорлары болды. «Бұл сайысқа Қазақстан атынан бару – ел атағын Еуропаға шығаруға жол ашады, сонысы жақсы. Және мұндай жерде бәсекелестікті байқайсың, өзге әншілерді тыңдайсың, олардан бір нәрсе үйренесің, тәжірибе алмасасың», – дейді Салтанат Ахметова.
«Аталған байқауға қатысып, финалға өту – үлкен жетістік. Жартылай финалда мен Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Түн патшайымы ариясын орындадым. Финалда екі ария орындадым. Бірінші ария - Гаэтано Доницеттидің «Лючияди Ламмермур» операсынан Лючия, екіншісі - Массненің «Манон» операсынан Гавот», – деп жалғастырды сөзін Ахметова.
Сахнаға шығар алдында кез келген әнші өзінің наным-сенімі бойынша дайындалады, біреу шикі жұмыртқа ішсе, енді біреу тыныс жолдарына арналған жаттығу жасайды. Салтанат Ахметованың айтуынша, вокалдық гигиенаны ұстанған жөн, яғни, дауыс анық әрі ширақ шығу үшін ертерек ұйықтау керек. «Міндетті түрде ұйқы қанық болуы тиіс, суық тигізіп алмау қажет. Менің өз құпиям бар, дәлірек айтсам, дәстүрім: маңызды шара алдында кешкісін міндетті түрде жақсылап ет жеп аламын, ертесіне күш береді. Бұл ұстазым – Қазақстанның халық әртісі Қорлан Қалиламбекованың кеңесі. Дегенмен аутотренинг те маңызды. Егер шоколадтың бөлігі көмектесіп, бақытты етеді деп сенсең, міндетті түрде солай болады»,– дейді Салтанат.
Салтанат Ахметова алған "Гютерслодағы Классикалық Күз" марапаты
Бүгінде әнші Қытайда, Қазақстанның Қытайдағы мәдени күндері аясында өнер көрсетуде. Ол Түн патшайымы ариясын шырқайды. «Шет елге шығып, өзіңді сынап, жұмыс істеп, еңбектенген өте маңызды. Шыңдаласың, жаңа таныстар табасың. Сондай-ақ кәсіпқойлардың шеберлік сабағына, байқауларға қатысқан өте маңызды, себебі осы шаралар әншінің кәсіби шеберлігінің дамып, өсуіне ықпал етеді», – деп атап өтті Ахметова.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: neue-stimmen.de
С. А