Ақпан айының 4-10-ы аралығында «Астана Опера» театры гастрольдік сапармен Алматы қаласына келеді. Оңтүстік астананық көрермені елордалық театрдың үздік қойылымдарын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры сахнасында тамашалайтын болады.
Гастроль бағдарламасы да жарияланып үлгерді. Сіздер алғашқы, яғни, 4 ақпан күні Ресейдің халық әртісі Юрий Александров сахналаған "Біржан-Сара" операсын тамашалай аласыздар.
5 ақпанда белгілі композитор Сергей Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі қазақ тілінде қойылады. Бұл шара бөбектерге арналған болса, ересектер кешкісін «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасына шақырылады.
6 ақпан күні сіздер үшін арнайы дайындалған Гала-концертке барыңыздар.
7 ақпан күні хорды сүйіп тыңдайтын қауымның құрметіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік ететін «Астана Опера» камералық хорының концерті ұсынылады.
8 ақпан күні француздың қоюшы хореографы Шарль Жюдтің қойған «Ромео мен Джульетта» балетін тамашалау мүмкіндігі беріледі.
9 ақпан күні Камералық музыкадан концерт өтеді.
10 ақпан күні ел төрінен келген өнерпаздар Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман қойған «Роден» балеті арқылы алматылықтармен қоштасатын болады.
"Астана Операны" бірге қарсы алайық!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: kapital.kz