"Астана Опера" театрының Алматыға гастролі аясында «Қазақконцерт» сахнасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі «Астана Операның» Камералық хоры музыканың бірнеше бағыттағы күрделі шығармаларын асқан шеберлікпен орындайтын болады. Әртістердің жан тебірентерлік дауысын 7 ақпанда тамашалауға болады.
Кеш бағдарламасында хор музыкасының барлық бағыты қамтылады. Бірінші бөлімде тыңдарман назарына әлемдік хор өнерінің жауһары – Г. Свиридовтың «Пушкинский венок» туындысы ұсынылады. Аталған шығарманы жазған кезде композитор ұлы ақын А. С. Пушкин өлеңдерінің көңіл-күйін жүректен өткізіп, 10 өлеңді бір деммен орындалатын біртұтас толыққанды хор шығармасына айналдырған.
Екінші бөлімде қазақ және орыс хор музыкасының шығармалары, сондай-ақ 18, 19, 20 және 21 ғасырлардағы Батыс Еуропа композиторларының туындылары суреттеледі.
Мансұр Сағатовтың «Ақсақ құлан», «Дала мен гүл» сынды хорға арналған шығармаларымен қатар концертте Әліби Әбдінұровтың «Анадан туған» шығармасының тұсауы кесіледі. «Әр туындының өзіндік тағдыры бар. Көп әнді дүниеге атақты әртістер әкелді. Сол себепті аталған туындының тағдыры қалай болатыны біздің орындауымызға байланысты деп есептеймін», – дейді Ержан Дәуітов.
Орыс халқының хор музыкасы А. А. Архангельский мен Перттің бірнеше әйгілі өлеңінен құралады. Ал композиторлар Й. Свидер мен Р. Джонсонның музыкалары еуропалық бағытты ұсынады. «Хор – адам құрған күрделі құралдардың бірі. «Астана Опера» хорының өзіндік тарихы бар, ол өнер саласындағы Пьер Луиджи Пицци, Елена Образцова, Елдар Әбдіразақов сынды аса көрнекті тұлғалардың және басқалардың жоғары бағасына ие болды. Олардың барлығы театрдың Әлемдік тұсаукесері кезінде хорға оң бағаларын берді, ал «ерекше» деген теңеу театр хорына берілген ажырамас сипаттама. Менің ойымша, бұл хор ұжымына берілген тек үлкен баға ғана емес, бұл бізді бірінші кезекте, алдағы жұмысқа ынталандырып, жаңа биіктерге жетуге жетелейді», – дейді Ержан Дәуітов.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі