- Негізгі бет
- Театр
- «Астана Опера» Абай...
«Астана Опера» Абай атындағы МАОБТ-ты қарсы алады
«Астана Опера» 21 қыркүйекте гастрольмен келетін Абай атындағы МАОБТ-ты қарсы алады. Әйгілі өнер ордасы елорда көрерменіне көрнекті петерборлық хореограф Борис Эйфманның «Қызыл Жизель» балетін ұсынады.
Борис Эйфманның терең сезімге бөлеп, өзіне тәнті етпейтін спектаклі жоқ десек, артық айтқандық болмас. Солардың бірі «Қызыл Жизель» балеті. Аталған балеттің сюжеті 1923 жылы Ресейден қашып, біраз уақыт бойы Париждегі Гранд Опера сахнасында биімен жарқырап, кейін есінен адасуының салдарынан ұзақ жылдарын Американың психиатриялық емханасында өткізген орыстың ұлы балеринасы Ольга Спесивцеваның трагедиясын баяндайды. Ол 1991 жылы қарттар үйінде көз жұмды.
Балет тілімен жеткізілетін биші өмірінің тарихы шынымен де жүректі қозғайды. Спектакльде революция кезіндегі Петроград картинасы мен сахнасында Балерина билеген алтындай жарқылдаған көрермен залының картинасы қатар жүреді. Нәзік балет перизаты өзіне ынтық болған Чекистің құрсауына еріксіз ілігіп, көп ұзамай ол бишінің өмірін ойран етеді. Жазықсыз жан тура спектакль кезінде есінен адасып, айналасына оны мазақ еткен қорқынышты адамдар қаптайды. Ол емханаға түскенде де сол азаптан арылмайды: қолды матаған жейде кейіпкердің санасында қызыл туға айналады. Құтылудың бар амалы есінен адасу боп көрінген Балеринаның жаны мәңгіге қамалып, «айнаның арғы жағындағы» жалт-жұлт еткен әлемге кете барады.
«…Бұл өте жоғары деңгейдегі драмалық көркемдік жұмыс, батыс көрермені ұмтылатын балеттің кемел жеткізілген баяндау формасы», - дейді Анна Киссельгофф 1998 жылдың 10 сәуіріндегі «Нью-Йорк Таймс» бетінде.
Хореографиясы ерекше мәнерлі, режиссердың шексіз қиялы, сахналық шығарылымы да тамаша спектакль қойылған сайын табынушылар қатарын көбейтуде.
Балеринаның басты партиясында – Айнұр Әбілғазина, Азамат Асқаров Чекистің партиясын орындайды, Нұрлан Байбосынов Мұғалімді билесе, Фархат Буриев – Серіктес, Достың рөлін ойнайтын – Руслан Қадіров.
Қоюшы балетмейстері – Борис Эйфман, Ресейдің Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтар иегері (Санкт-Петербор), музыкасы – П. Чайковский, А. Шнитке, Ж. Бизе, қоюшы суретшісі – Мартинс Вилькарсис (Рига), костюм жөніндегі суретшісі – Вячеслав Окунев, Ресейдің халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтар иегері (Санкт-Петербор), балетмейстер ассистенттері – Алина Солонская, Сергей Зимин (Санкт-Петербор), балеттік труппаның жетекшісі – Гүлжан Тұтқыбаева, ҚР Халық әртісі.
Екі актіден тұратын балет 19:00 басталады
Асығыңыз! Халықаралық фестивальға арнайы бағамен қойылған билеттер сатылымда, оларды online (BiletiAstana.kz, biletbar.kz), «Астана Опера» театрының және «Қазақстан» ОКЗ кассаларынан сатып алуға болады.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі
«Біржан-Сара» операсы жастар арасында кеңінен таныла бастады
Р. Роза