Сахнада тек әйгілі есімдер – танымал Салтанат Ахметова, сүйкімді Әлфия Кәрімова, жарқыраған Дина Хамзина, ғажап Маргарита Дворецкая, шабыты тасыған Жан Тәпин, тартымды Талғат Ғалеев және жалынды Евгений Чайников. 21 мамырда «Астана Опера» Камералық залында «Достардың арасында» циклінен «Vival`opera!» атты концерті өтеді.
Кеш тамаша жанр – операға арналады. Көрермен алғаш рет назарға ұсынылатын көптеген жаңа туындыларды тамашалай алады. Өнер ұжымы бағдарламадағы ұлы композиторлардың еңбегі – опера үзінділері – Астанада сирек орындалатынын атап өтті. Сонымен қатар, сахнада жеке нөмірлермен «Астана Опера» симфониялық оркестрінің шебер аспапшылары – Кирилл Красюков (скрипка), Алексей Косырев (флейта), Александр Малиновский (туба), Любовь Ткаченко (арфа) өнер көрсетеді. Фортепиано партиясы – халықаралық байқаулардың дипломанты, Мәдениет қайраткері Елена Сахно.
Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан Азучена ариясын Дина Хамзина көбіне шет елдерде орындап жүр. Шетелдік тыңдарманның жүрегін жаулап алған жетекші солист, музыка сыншыларының ең жоғарғы бағасын иеленді, енді бұл арияны өз отанында шырқамақ. Әлфия Кәрімова Гюстав Шарпантьенің «Луиза» операсынан Луизаның және Дж.Мейербердің «Динора» операсынан Динораның арияларын толық нұсқада орындайды. Э.Направниктің «Дубровский» операсынан Дубровскийдің ариясы алғаш рет (Жан Тапин) орындалады. Т.Хренниковтің сирек орындалатын «Боранда» операсынан Натальяның ариясын Маргарита Дворецкая шырқайды.
– Тыңдарманға шығармалардың ішіндегі жеңіл қабылданатыны: аспаптық шығармалар, өңделген белгілі опералық тақырыптар таңдалды. Мысалы, Франсуа Борнның Тамаша Қиялы (Ж.Бизенің"Кармені"), алғаш рет тубада орындалатын Түн Патшайымы ариясы ерекше сезімге бөлейді. Жюль Массненің «Таис» операсынан Таис пен Атанаэльдің дуэтінің (Салтанат Ахметова мен Талғат Ғалеев) тұсауы кесіледі. Барлық ария, көрініс, дуэттерді орындау – әртістер үшін ең жоғары пилотаж,– дейді Елена Сахно.
– Аталған кеште кәсіби музыканттармен және тамаша әртістермен бірге өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. Тек академиялық ән шырқаумен шектеліп қоймай, нөмірлерге жаңа рең беріп, оларды актерлік ойынмен толықтыруға тырысамыз. Тыңдарман бізбен бірге болып, тұсауы кесілетін туындыларды тамашаласа екен,– деді «Астана Операның» жетекші солистері.