Елорда күні қарсаңында Тәуелсіздік сарайы алдындағы ашық алаңда «Астана Опера» театры Л.Минкустың керемет «Баядерка» балеттік спектаклін ұсынады. Мәдениет және спорт министрлігінің жаңа жобасы – ашық аспан астындағы балеттік қойылымы Астана күні қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша сый болады.
Ұйымдастырушылар әсерлі де жарқын, ауқымды бейне-инсталляциялы сауықтық балет, қаламыздағы мерекелік іс-шараларға ерекше көрік береді деп есептейді.
Әйгілі сценограф Эцио Фриджерио дайындаған экзотикалық Үндістанның әсерлі көріністері, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның таңдаулы костюмдері Тәуелсіздік сарайы аясында өтетін мерекеге жаңа рең беретіні сөзсіз.
«Астана Опера» театрының шығармашылық тобының пікірінше, мұндағы драма мен лириканың үйлесімді байланысы, дивертисменттік билердің әралуандығы, әлемдік хореографияның жауһарларының бірі саналатын әйгілі көлеңкелер патшалығы көрінісінің әсерлі көркемдігі, көрерменге ең жарқын және терең әсер қалдырады.
– Жобамыз Тәуелсіздік сарайының сәулетімен көркем дизайнын ескере отырып жасалды. Көрерменге арналған 1400 орны бар үш деңгейлі алаң дайындаймыз, сонымен қатар тропикалық джунглияда тұнып тұрған әсем салтанатты сарайлар, жұмбақ ғибадатханалар бой көтеретін шымылдығы бар сахналық алаң болады. Қойылым соңында сахна үстінде пайда болатын балериналардың көлеңкесі арнайы тұғырарқылы жүзеге асырылады. 20 астам проектор арқылы көрсетілетін бейнелер, Тәуелсіздік сарайы ғимаратының төбесін тұтас қамтиды,– дейді «Астана Опера» театрының көркемдік қойылым кешенінің жетекшісі Виктор Караре.
Әйгілі балет желісіндегі махаббат үшбұрышының кейіпкерлері – нәзік баядерка Никия, ержүрек жауынгер Солор және радждың тәкаппар қызы Гамзатти. Бұл күні басты партияларды қазақстандық балеттің жарқыраған жұлдыздары, «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева (Никия), Тайыр Гатауов (Солор), Гауһар Усина (Гамзатти) орындайды. Қойылымға 120 жуық балет әртісі мен миманс қатысады.
– Ашық аспан аясында билегенде, ерекше күйге енесің. Самал желдің костюмді желпіп өткенін, ұланғайыр кеңістік пен мүлде басқа жарықты сезіну – осының барлығы алғашында әртістер үшін үйреншікті емес. Күннің ашық болатынына үміттенеміз, өйткені, ауа шамалы ылғалданса, балетке арналған еден суланады да, оның үстінде билеу мүмкін емес,– дейді спектакльдің қоюшы хореографы, «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.