- Негізгі бет
- Театр
- Асанәлі Әшімовтің 80...
Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толуына орай салтанатты кеш өтеді
12 мамыр күні сағат 17.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті актер, режиссер, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толуына орай салтанатты кеш өтеді.
Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында дүниеге келген. 1956-1961 жж. Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы Ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша оқып-бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданады. Ал, 1964 ж. бері М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында үзіліссіз еңбек етіп келеді.
Театрда негізінен басты рольдерді сомдаған актер М.Әуезовтің «Абайында» Айдар, Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қарақыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жарығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш –Баян сұлуында» Қодар, Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ерінде» Ассистент, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Асан ақын, Т.Ахтановтың «Боранында» Қасболат, Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, Ә.Таразидің «Күлмейтін комедиясында» Сәнжан, И.Вовнянконың «Апатында» Асан қарт, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» доктор Клаузен және т.б. көптеген рольдерімен ұлттық актерлік мектептің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ол қазақ кино өнерін жаңа белестерге көтеру үшін көп еңбек сіңірді. Отыздан аса фильмге түскен актердің есімін, ұлттық киноның төлқұжатындай болған «Қыз Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақыры» мен «Транссібір жүрдек пойызындағы» Қасымхан Шадияров бейнелері шетелдерде танымал етті.
А.Әшімов театр мен кино саласында режиссерлік қызмет етуімен қатар, өнер қайраткері ретінде еліміздегі және шетелдердегі мәдени шараларға белсенді ат салысады. Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәріс беріп, театр өнерінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген көптеген шәкірттерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.
Суреткер талантының тағы бір қыры – жазушылық. Оның «Майраның әні» (1995), 5 томдық шығармалар жинағы (2007), «С любовью, Ваш Асанали Ашимов» (2008), «Ғұмыр-дария» (2012) жинақтары қалың оқырманның сүйікті шығармаларына айналған туындылар.
А.Әшімов бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан Театрлар ассоциациясының төрағасы ретінде ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне мол тәжірибесімен, абырой-беделімен елеулі үлес қосып жүр.
Асанәлі Әшімовтің ұлттық өнерге қосқан орасан зор еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол Қазақстанның халық артисі (1976), КСРО халық артисі (1980), Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығымен (2000), «Отан» (2001), «Құрмет» (2007), «Парасат» (2007), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен (2012), және «Достық» (2014) Ресей Федерациясының М.Ломоносов атындағы (2007) және ЮНЕСКО -ның «Алтын қыран» ордендерімен марапатталған.
А. Оралқызы