Кеше қазақ өнерінің қара шаңырағы М. Әуезов атындағы театрда 91-ші маусымның алғашқы премьерасы - “Ақтастағы Ахико” қойылымының тұсаукесері өтті. Аталмыш спектакль тағдыр тәлкегімен, 15 жасында жазықсыз жазаланып, балалық шағын КАРЛАГ қапасында өткізген жапон ұлтының бейкүнә өрені Ахико Тэцуроның бейнетке толы өмір жолынан сыр шертеді.
Күншығыс елінің қарапайым балықшы отбасында дүниеге келген Ахиконы алғашқы мүшеліне келген жылы әкесі шығыстық жауынгерлік өнерге баулып, кейін нағыз жігіттік қасиетін қайрасын деген асқақ арманмен Сахалиндегі әскери оқу орнына аттандырады. Әкесінің аманаты мен анасының үмітін арқалап жеткен жас бала өз болашағы сталиндік репрессияның қанды қылышына шырмаларын сезді дейсіз бе? Ахикоға жапон барлаушысы деген жала жабылып, үстінен 10 жылдық өмірін еңбекпен түзеу лагерінде өткізу туралы бұйрық шығарылады.
КАРЛАГ қапасында қамалған тұтқындар тағдырын бейнелеу барысында осы Ахико образындағы басты кейіпкер мен қазақ зиялыларының тағдырын тапқыр тоғыстыра білу - қойылымның құндылығын арттырды. Бір адамның тағдырын арқау ете отырып, ел тарихының елеулі шағы – қазақ қоғамының қасіретті жылдарын сипаттау, шын мәнісінде, терең ғылыми зерттеудің нәтижесі. Мың өліп, мың тірілген еліміздің тәуелсіздігіне ширек ғасыр толған шақта қазақтың көкірегін оятамыз деп шырылдаған шын патриоттардың пәк пиғылы көрермен санасын оятып, қанмен келген құндылықты көз қарашығындай қоруға үндейді.
Алғашқы минуттарда қаперсіз бейбіт күн кешкен Ахиконың балалық шағынан тозақ отымен пара-пар түрме торына өкпек желдей өткізген сахнаның темір шымылдығы көрермен көңіліне қас қағымда контрастты күй кештіреді. Сахна жиегінде орын алатын еңбекпен түзету лагерінің атмосферасы театр залына үскірік аяздай суықтық орнатып, өзіңізді темір қапаста тарландармен иықтаса тағдыр тауқыметін кешіп жатқандай сезімге бөлейді. Осы тұста тиранның тырнағына ілінген Ахмет, Мағжан секілді Алаш арыстары мен сол арыстарды туғызған Сейфолла, Сәдуақас сынды адуынды әкелер бейнелері әсерлі әдіптелген. Ел ерлері сұм тағдырдың тәлкегіне төзбей, еңсесі түсе бастаған шақта суық қапасқа ақсақалдың кіріп келуі залға бір сәттік жылулық әкеліп, Сарыарқа дала жусанының иісін сездіреді. Келешек ұрпақтың сауатын ашу мақсатында еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін салдырған Ақайдың Қасені бейнесіндегі ақсақал қойылымда қараңғы үңгірге түскен үміт сәулесі болды-ау деген ойда қаласыз.
КАРЛАГ-тың қаһарынан аман қалғанымен, түрмеден шыққанда Ахико бір аяғымен о дүниенің босағасында болатын. Осы кезде жазықсыз жанның жолына түрлі ұлттың жетімін бауырына басып, аналық құшағында мәпелеп баққан Ақтамақ ана жолығады. Бүкіл өмірі боздаумен өткен анаға Ахметтің қанмен жазылған аманатын жеткізіп, өлісін тірілткен де осы - Ахико. Қойылымда Ел Анасының бейнесі арқылы барша ана атаулы жаратылыс иелерінің сезімтал жүрегі мен кең құшағы шебер жеткізілген. Соғыстан кейін бір тілім нанға зар болып отырған шақта, лагерден шығып, өлім аузында жатқан өлермен тұтқындарға балаларының аузынан жырып ақ тамызған қазақ халқының дархан көңілі мен кең пейілін осы кейіпкер келбеті дәл бейнелейтіндей. Премьераға арнайы келген Жапония елшісі Кава Вата өз сөзінде өзгені өз ұлындай бақпақ түгілі, қазақ жерінде жатқан жапон азаматтарының бейіттерін қаншалықты күтіп-баптағанына таң қалып, ұлтымыздың қанына сіңген қасиетіне қатысты құрметін жеткізді. Иә, қазақ деген осындай халық! Премьера сізді тек тарих қойнауына бойлап қана қоймай, әр қазақтың бойында болса да, күйбең тіршілікпен көміліп бара жатқан адами қасиеттерін қайта жаңғыртуға қауқарлы. Онымен қоса, кейіпкер бойынан табылатын қайтпас қайсарлық пен рухтың мықтылығы денеңізге жан бітіріп, еңсеңізді көтереді.
Айта кетерлік тағы бір жайт, ғасырға жуық тағдырды бір қойылымға сыйғызу мүмкін болмаған себепті ауызша баяндау басым болғанымен, ол көрерменге кедергі тудырмай керісінше, қарапайым қауым көре бермейтін тұстарда қырағылық танытуға көмектесті. Ал, енді басты рөлді сомдаушы Дулыға Ақмолданың шын самурай ұрпағын жеткізудегі шеберлігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Дулыға ағамыздың хас шеберге тән харизмасына елітіп, үйлесімді образына ұйисыз.
Жалпы, қазақ “күн” сөзінен шыққан ғұн ұрпағы болса, жапондар Күншығыс елі ұрпағы деген астарға жетелейтін ойды сахна суретшілері қос ұлттың терең бойлағанға ғана байқалатын ұқсастықтары арқылы ұтымды ұсына білген. Осының негізінде бір ғана Ахико образымен қос ұлттың шерін жырлайды.
Қойылым бойы сұм тағдыр мысқылына ұшыраған жас баланың не кешкенін көріп, "Қалайша, Жаратушы сыйлаған өмірді, адам шектемек?" деген оймен Сталиндік қатыгездікті қарғап, шарасыздықтан өзегіңіз өртенеді, алайда, елу жылдан кейін еліне оралған азаматтың Бейбарыс бабамыздай жусан иісін аңсап, Ақтасына қайтқаны арқаңызды қоздырып, ақырында “Мен қазақпын, Қазақстан – менің жұмағым” деп көкірегіңізді соғып шығасыз...