- Негізгі бет
- Театр
- Әрқашан күн сөнбесін!...
Әрқашан күн сөнбесін!
Отандық музыка классикасының жауһарлары, еліміздің халық әндері, сонымен қатар заманауи қазақстандық авторлардың ең үздік шығармалары елордалық театрда шырқалады. 11 маусымда «Астана Опера» Камералық залында «Әрқашан күн сөнбесін! Әрқашан бейбітшілік болсын!» атты концерт өтеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бейімбет Таңарықов, Нарұл Төйкенов, Роза Нұркей, Елена Низамутдинова, Елена Ганжа, Қазыбек Досмұхамбетов, Алмат Ізбәмбетов, Мағжан Аманжолов, Жәнел Қатпаева және басқа вокалистер танымал әндер мен романстар орындайды. Сонымен қатар скрипкашы Майя Бекназардың өнері, «Астана Опера» балалар театр студиясының жасөспірім әртістері (жетекшісі Алтынғаным Ахметова) тыңдарманды шаттыққа бөлейді. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаттары Раушан Бескемпірова, Ирина Кургузкина. Концертті жүргізуші – «Мәдениет қайраткері» Сәуле Мәулетова.
– Аталған кеште біз өмірге, жақынымызға, Отанға деген махаббат туралы шырқаймыз. Халықтарды біріктіретін мәңгілік музыка тілі – баршаға түсінікті тіл. Астана тұрғындары мен қонақтары сүйікті композицияларын тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Шығармалар әр қазақстандықтың жүрегін жайлаған жарқын қуаныш пен ең тамаша сезімдерге толы,– деді Раушан Бескемпірова.
Кеш бағдарламасында О.Сүлейменовтің сөзіне жазылған Ғ.Жұбанованың «Мен көктен ұшып шығып ем», С.Әбдінұровтың «Қазақ елі», К.Күмісбековтің «Аяулы мекенім», О.Байділдаевтың «Туған ел», Т.Мұхамеджановтың «Заман-ай», А.Зацепиннің «Төбемде көк аспан», өзбек әні «Карнавал вальсі», белорустық «Купалинка», А.Пахмутованың «Нәзіктік», Э.Колмановскийдің «Өмір, мен сені сүйем», М.Магомаевтың «Салтанатты» және т.б. орындалады.
Г. Берік