Ардақ Нұрғазы. "Біржанның ақырғы әні немесе "Адасқақ" спектаклінің көздегені не?"

Ардақ Нұрғазы. "Біржанның ақырғы әні немесе "Адасқақ" спектаклінің көздегені не?"
Фото: www.auezov-theatre.kz

Әр дәуірде өмір сүрген адамдардың дүниетанымы ұқсай бермейді. Алдыңғы жасаған адамдар туралы соңғылардың түсінігі негізінен өзінің танымы аясында субъектив мән алады. Оның тасасында тануға талпыну жатыр. Адам­дардың түсінігі өз дәуірінің экономика, саясат, заң-құқық және салт-дәстүрінің, жалпы қоғамдық сананың ықпалына орай қалып­тасады.  Ал заманның өзгерісі екі дәуірдегі адамдардың түсінігі мен дүниетанымындағы парыққа барып тіреледі. Парық бар жерде түсініксіздік немесе күңгірттік орын алатыны белгілі. Уақыттың белгісі де осы арада. Таным дүниесіндегі мұндай күңгірттікке философия мен қоғамдық ғылым өз тәсілімен үңілсе, өнер өзіне тән ұстаны­мымен барады.

Айталық, XІX ғасырдың орта тұсында жасаған ақын, әнші Біржан сал Қожағұлұлы қазақ мәдениеті мен өнерінде белгілі тұлғалардың бірі. Оның соңына қалдырған мұрасы қазақ өнері мен мәдениетінің жарқын беті болып бағаланады. Біржан сал туралы ел аузында аңыз-әңгімелер жетерлік. Соның бірі салдың өмірінің соңында рухани тұрғыдан қалыпсыздық танытқан дегенге саятын  айтылым. Мұның шындыққа қаншалық жақын және нақты қандай сипатта өрбігені туралы анық айғақ жоқ болса да, салдың артына қалдырған мұрасынан біз бұл жағдайдың беталысы мен болмысына біршама үңіле аламыз. Бастысы, осы ке­зеңде шыққан «Теміртас» әні бізді біршама мәліметпен қамдайды. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демия­лық драма театры қойған «Адасқақ» спектаклі де осы түйінге құрылған. Бұл қойылым белгілі жазушы, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері Асқар Сүлейменовтің аттас прозалық шығармасы негізінде сахналанған. Шығарманың сахналық нұсқасын жасаған белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова. Қойылымның режиссері бұған дейін де  А.Сүлейменовтің бірқатар шығармаларын сахналаған  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов. «Теміртас» әні мәтінінің айналымда бірнеше нұсқасы бар. Біз оның бүгінгі дәстүрлі әншілер жиі орындайтын нұсқасын негіз етуді жөн санаймыз. Әннің сөзі мынадай болып келеді:

Біржанмын, атым шықты-ау алты Алашқа
Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа жасымнан
Алпысбестің келгенінде Құдайым
Берді науқас ғарып басқа-ай.
Дүние-еу, өтеріңді-ау біліп едім білдірмей серілік еттім
Жүріп едім, бұл күнде арық қойдан бағам кейін
Үш  жүзге  атым шыққан Біржан едім
Қара су, есік алды лайланды
Бай қылмақ, кедей қылмақ Құдайданды
Камзолдай келте  пішкен  дөңгеленіп  дүние-ау
Өтеріңде шыр айналды-ау
Теміртас,  Асыл,  Ақық  қарақтарым
Үкідей өздеріңді балақтадым
Көзкөрген құрбы-құрдас, замандастар есіктен
Келер  ме деп, – алақтадым-ай
Ел кездім кер  төбелмен арықтатып
Жақсыға сөз сөйледім анықтатып

Үш жүздің ортасында Біржан едім
Бұл күнде қойдың Құдай шалықтатып-ау
Жаққаным ағаш үйге ызботы пеш
Құдайым мен пендеңнің күнәсін кеш
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Білекке арқан батты-ау қолымды шеш-еу… 

Жоғарыдағы тармақтар әуеннің табиғатына құрылған мәтін. Өн бойында белгілі бір қатып қалған қалып жоқ. Әуенге толық бейімделіп, сіңіп кеткен өзгеше сөз мәнері. Бұл жолдардан біз поэзияға тән  тамаша қасиеті де кездес­тіреміз. Айталық, мәтін басынан аяғына дейін жасандықтан таза аса бай мазмұнды қамтып жатқанына қарамастан құрылымы жағынан бөлініп-жарылмай, тармақтарына дейін еркін ұштасып кете береді. Ол тұтастықтың тұғырында өнер адамының жан-дүниесі, өзгеше көңіл күйі, болмысы тұр. Мәтіннің әрбір сөзінде өмірдің өзінен тамған шын­дықтай ауыр салмақ бар. Айталық мәтініндегі:  «Дүние-еу, өтеріңді-ау біліп едім білдірмей /серілік еттім…» деп келетін үзікте өзгеше психологиялық тереңдік кездеседі. Бұлар тамаша поэ­зияға ғана тән элементтер. Мұндай түйіндер шығармада және жалғыз емес. 

Біржан сал «Теміртаста» өмірінің ақырғы күндеріндегі жағдайды әр қырынан толық жеткізген. Әнді басынан ауыр күндерді өткізген, рухани тұрғыдан күшті қайшылықтарды кешіп жатқан жанның жан сыры деуге болады. Ән салған жерден Жаратушыға тілек айтумен басталады.Оның тасасында өлім елесі тұр. Ол елестің мазмұнынан біз мең­деткен сырқатты, аяқтан шалған жоқшылықты, келер күнге деген сенімсіздікті, жан-дүниенің құлазуын, жалпы өнердің биік белесінен құлдырар шағындағы талант иесінің ішкі күйініші мен шарасыздығын танимыз. Бұлар жиылып келіп Біржан өмірінің соңғы сәтіндегі болмысын айғақ­тайды. Біржанның өмірінің соңында осындай күйге баруына сонда сірә не себеп болды?

«Адасқақ» қойылымы Біржанның жоғарыдағы бол­мысын сахна тілімен жеткізуді басты мақсат еткен. Спектакль басталған жерде өң мен түстей орта пайда болады. Елестермен арпалысқан Біржан өзінің өткен өмірін шарлап, аласұра жан ұшырып Жанботаны іздеп, Абаймен «тілдеседі», ақыры «шалықтады» делініп қол-аяғы құндақталып байлау көреді. Есін жиып өзіне келген сәтінде бұғаудан босайды. Бірақ өмірдің ағысы Біржанды  мұнымен жайына жібермейді, тағы бір құндақталуға апарып тығады. Сол заманның бетке ұстар тұлғаларының ортасында жүрген тартыс Біржанды да іліп әкетеді. Батыраш пен Ақан серінің арасындағы дауға еріксізден арағайындыққа жүрген Біржан рухани соққы алады. Алдына ақыл айтып, ағалық мінез көрсетіп барған шағында Ақан серінің: «сені жұмсады, сен жұмсалдың Біржан аға…» деген сөзі оның жан-дүниесін шайқалтады. «Шалықтады» делінген сал екінші рет қол-аяғы маталып,  байлау көреді. Осылайша қойылым Біржан­ды әуел бастағы күйіне қайта әкеледі. Уақыт айналып немесе тыныш тұрғандай. Спектакльдің эстетикалық ерекшелігі осындағы өзгеше уақыт ұғымын сахнада көрсетуінде жатыр. Бұл дәстүрлі драматургияның кеңістік пен уақыттың айрылмас бірлігіне құрылатын сахналау жүйесінен басқаша, жаңа шешімнің көрінісі. Қойылымда «шалықтаған» күйдегі адам ретінде Біржан­ның рухани дүниесіндегі уақыт  тоқтап тұр. Бірақ  бұл ұйтқыған құйынның өзегі сияқты шартты тыныштық-ты. Ол кез-келген сәтте тепе-теңдігін жоғалтып алуы мүмкін еді. Айталық, Ақанның сөзін сол шартты тыныштықты күйрететін күш деуге болады. 

Байқап отырсақ спектакльде Біржанның жан-дүниесі бірін-бірі қамтып, көміп кететін екі басқышпен сом­далған. Біріншісінде режиссер елестермен арпа­лысқан Біржанды Абаймен «тілдестіреді». Мұндағы маз­мұнның үш жақпен – Біржан, Абайдың әйелі Әйгерім және Абай мен қатысы бар. Айтылар ой Біржанның жастық шағында басынан өткізген сайран күндерінің өмірінің соңында өкініш болып оралған­дығымен бай­ланысты. Біржанның түсінігінде Әйгерімге байланысты Абай оны айыптайды, кінәлайды. Бұл тереңде жатқан, тіпті Біржанның өзі де анық аңғара бермейтіндей түйсік. Бірақ ол бар, бар болып қалмай уақыт өте келе барынша асқынып дертке айналған түйсік. Оны Біржанның тасадағы адам ретіндегі шынайы бол­мысының бір көрінісі деуге болады. Бұл жан-дүниеде жат­қан дерт қана емес, сыздаған жара. Ол кез-келген сәтте жа­рылуы мүмкін.  Ал тасада жатқан осы жараны ақырында Ақан тырнайды. Осылайша қойылым Біржанның жан­дүниесіндегі дағдарысты спектакль басталған жерден жұрт  назарына  ұшығын шығарып ұсынады да соңынан оны Ақанның себебімен  жайып салады. Міне осы кезде тепе-теңдігін жоғалтып толқып кеткен жан-дүниеден өмірге өзгеше ән келеді. Біржан өзінің соңғы әнін салады,  ол – «Теміртас» әні болатын.

Теодор Адорно «Музыка философиясы» еңбегінде  Бетховеннің өмірінің соңғы мезгілінде жазған шығар­маларына арнайы тоқталып, «соңғы стиль» деген атауды ғылыми айналымға енгізгені  белгілі. Философ Бетховен­нің соңғы шығармаларында бұрынғыға ұқсамайтын, қалыпқа сыймайтын, шашыраңқы, соған қарамастан қайшылықтағы өзгеше мәнерге ие сұрапыл бір үн – сарын бар. Бетховен шы­ғармасының бұл сарыны өзінен бұрын да, кейін де қай­таланған емес. Біз оны ұлы музы­канттың өмірінің соңын­дағы қалыптан тыс көңіл-күйінің айқын бейнесі деп түсіне аламыз. Мен мұны «соңғы стиль» деп атағым келеді, – деп жазған еді. Мұн­дай стиль суретшілер мен ақындарда да кездескен. Айталық, өнер зерттеушілері Винсент Ван Гогтың соңғы шығар­маларының стилін соған жатқызады. Қазақ ақыны Омар­ғазы Айтанұлының өмірінің соңында жазған 19 өлеңінің табиғатында да осыған жақын мәнері бар. «Адасқақ» спектаклінен біз Біржан шығарма­шылы­ғындағы осы  «соңғы сарынға» жақын дүниені іздеуге саналы түрде барғанын байқаймыз. Қойылым режиссерін бұл мақсатқа жетектеген де жоғарыда айтқан Біржанның соңғы әнінің өзіне ғана тән болмыс-бітімі екені анық. Аталған қойылым арқылы ре­жиссер «Теміртас» әні өмірге қалай келді деген сұраққа сахна тілімен жауап бергісі келгендей. 

Біржан сал жасаған дәуірде қазақ қоғамы үлкен өзгерістерді бастан кешіп жатты. Мемлекеттілігінен айырылып, шашылып қалған халықтың рухани дүниесінің аспанында үлкен жарық пайда болды. Ол өткен дүниенің, соған дейінгі қазақ халқының таным аясын құраған біртұтас дүниенің  келмеске кеткенінің белгісі еді.  Халық жаңа заманға үйлесудің жолын іздеуге тиіс болды. Бұл жапалы әрі үлкен бодау беруді талап ететін еді. Біржан сал әне сондай көңіл күйдегі жұрттың ортасынан шыққан, халықтың арманы мен мұратын, қайғысы мен мұңын, үміті мен тілегін арқалаған өнер иесі. Ол салған әннің замандар бойында халық санасынан өшпей, кейінгі ұрпақтарға талмай жетуінің сыры да осында жатыр. Біржанды түсіну қазақтың өткен тарихын, әсіресе рухани тарихын түсіну деген сөз. «Адасқақ» спектакль бүгінгі ұрпақтың танымы­мен Біржанның жан-дүниесін терең қазбалау арқылы көрерменді  бодандыққа түскен өткен тарихымыз туралы ойлануға жетелейді. Өткеннен сабақ алмаған халықтың болашағы бұлыңғыр екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде аталған қойылымды бүгінгі қазақ драматургиясының үлкен жетістігі деп бағалауымызға әбден негіз бар.

www.almaty-akshamy.kz

А. Оралқызы