Лев Толстойдың «Анна Каренина» атты әлемге әйгілі шығармасы желісімен кино да түсірілді, театр сахнасында бірталай көріністер де қойылды. Төл туындыдағы оқиғаны сахна төрінде балет өнерінің майталмандары да баяндайды. Себебі, «Анна Каренина» шығармасы өткен ғасырларда жазылғанменен, әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.
П.И.Чайковскийдің музыкасына қойылған балеттің авторы – Ресей халық әртісі, хореограф Борис Эйфман. 65 жастағы балетмейстер қырықтан астам балет қойылымын жарыққа шығарды. Өз қойылымында Эйфман П.И.Чайковскийдің музыкасын қолданды. Себебі, ұлы сазгердің мұңды сазы әр кейіпкердің ойын суреттейді.
Атақты балетмейстер сахнаға басты кейіпкерлер Анна, Каренин және Вронский образдарын ғана алып шықты. Қалған оқиға желісі Толстойдың шығармасына сай келмейді. Толстой өз шығармасында кейіпкерлердің жан-дүниесін ашуға ұмтылса, Эйфман да балет өнері арқылы әр кейіпкердің бітім-болмысын тануға, ішкі күйзелісі мен арпалысын көрсетуге тырысты. «Анна Каренина» балеті өз бақыты үшін күрескен жандардың оқиғасының жалғасы іспетті.
Аяулы жар, ардақты ана Анна өзінен жас азамат Вронскийге із-түссіз ғашық болады. Тағдыр жолықтырған Вронский оның бар ғұмырын өзгертеді. Ол екі оттың ортасында жүргендей болады. Сүйгені үшін ол қоғамның қатал сынына ұшырайды, өз ортасынан аластатылады. Қайда жүрсе де ол қатаң жүздерден арыла алмады. Басына түскен қиындықтар мен қаһардан қашып, өз-өзіне қол жұмсайды. Бақытын таба алмаған Анна өз еркімен ғұмырымен қош айтысады.
«Анна Каренина» қойылымының әлемдің премьерасы 2005 жылдың 1 сәуірінде өтті. Борис Эйфман бұл қойылымы үшін «Бенуа де ла Данс» (Балет өнеріндегі «Оскар» жүлдесі) халықаралық жүлдесіне ие болды. Эйфман бұл қойылымымен әлемнің бірқатар елдерін аралап, әйгілі театрлардың балет әртістеріне үйреткен болатын.
Өткен жылдың маусым айында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында «Анна Каренина» балетінің Қазақстандағы тұсау кесері өтті. Қойылымда отандық өнерпаздар бой көрсетіп, «Анна Каренина» балеті театр репертуарынан орын алды.
Эйфман өз шығармасын қою үшін Қазақстанға арнайы келді. Отандық әртістер үш ай уақыт дайындалып, әйгілі шебер мен оның ассистенттерінен бағыт-бағдар алды. Уақыттың тығыздығына қарамастан, театр труппасы алдарына қойылған тапсырманы орындап, балетмейстердің жоғары бағасын алды.
Қойылымдағы Анна партиясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахмедова, Вронский партиясын Фархад Буриев, Каренин партиясын Дәурен Жеңіс, Кити партиясын Айнұр Әбілғазина орындайды.
Маусымның 20-24 аралығында «Казкоммерцбанк» АҚ қолдауымен өтетін ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестивалі аясында Алматы тұрғындары мен қала тұрғындары «Анна Каренина» балетін тамашалай алады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: gatob.kz