Қазіргі қоғамда театр – мәдени ошақ, өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция. Бұл ұғымның басқаша баламасы жоқ бүгінде. Бағзыда, театр – шығармашылық орта болудан бөлек, басқа да қызмет атқарған. Мәселен, XIV-ХVIII ғасыр – анатомиялық театрдың дәуірі болып есептеледі. Төрт ғасырға жуық тоқтаусыз жұмыс істеген мұндай театрлардың кезеңі анатомия тарихында қалғаны сөзсіз.
Анатомиялық театр (лат. theatrum anatomicum) – осы саладағы медициналық жұмыстар мен зерттеулер жүргізіліп, ғылыми дәрістер оқылатын ғимарат. Тіпті мұндай мекемелерде қандай да бір ғылыми теорияларды тәжірибе жүзінде дәлелдеу үшін адамның мүрдесін сойып, ғалымдар жиналып сол мәселені талқылайтын болған. Бірақ XIV ғасырда мұндай ғылыми мекемелердің басым бөлігі театрға айнала бастады. Яғни, адам сою процесі жалпыға бірдей қойылым ретінде көрсетілетін болды.
1594 жыл – анатомия саласына қоғам қызығушылығының арта бастаған кезеңі. Дәл осы тұста Еуропада жаңағы айтқан анатомиялық театрлар бірінен соң бірі ашыла бастайды. Бұл саладағы тұңғыш театр осы жылы Италияның Падуя қаласында бой көтерді және әлі күнге тарихы терең құнды жәдігер ретінде сақталып келеді. Бұдан кейін, мұндай театрлар Голландияда жаппай ашыла бастады. 1597 жылы – Лейденде, 1614 жылы – Дельфте және 1619 жылы Амстердам қаласында да теңдессіз театрлар өз жұмысын бастайды. Ресми деректерде Нидерландыдағы театрлардың ашылуынан бергі бір ғасырға жуық уақыттан кейін І Петр сол елге арнайы барып, анатомиялық қойылымдарды тамашалаған делінеді. Сол сапарынан кейін Ресейде де осы саладағы театрлар бой көтере бастаған. Сондай-ақ Англия мен Франция да мұндай театрлардан кенде қалған жоқ. Париждегі Жарден дю Руада анатомиялық көріністерді тамашалауға бір уақытта 400-500 адам қатысқан деседі.
Мұндай театрлар архитектуралық құрылысы бойынша бір-бірінен өзгешеленген. Италиядағы театрлар көбіне Колизейге ұқсатып соғылған. Театрдың бұл типі Александр Бенедеттидің есімімен тығыз байланысты. Әдетте мұндай анатомиялық театрлар цирк үлгісінде салынады. Кішігірім амфитеатрдың дәл ортасында өлікті соятын үстел, ал айналасына көрермендерге арнап галерея қойылған. Залдың барлық жеріне адам қаңқасын драмалық үлгіде безендіріп, орналастырған. Мәселен, кей қаңқалардың қолына «Өлім туралы ұмытпа» деген мазмұнда жазбалар іліп қойса, кейбіреуінің сүйектерінің тұсына түсіндірме жазатын болған. Бұдан бөлек, француз анатомы Шарля Эстьена ХVІ ғасырда мұндай театрдың басқа үлгісін ұсынады. Өзінің 1545 жылы жарық көрген De dissectione partium corporis humani кітабында жартылай доғал формадағы театр идеясын ұсынған. Яғни, бұл ғалымның идеясы қазіргі театрлардың сахнасына ұқсас. Шарля анатомиялық көрініс кезінде сахнадағы анатом-артистердің барлық қимыл-әрекеті толық көрінуі үшін жүзін көрерменге қаратуы керек деп есептеген. Кей театрларда классикалық әуен ойнаса, енді бірінде арнайы үзіліс жасап, қонақтарға тәттілер ұсынған.
Ең қызығы, сол уақыттарда мұндай театрларға жиналатын қауымның көптігі соншалық, билеттер алдын ала түгел сатылып кетіп отырған. Ең алдыңғы және төменгі орындарға профессорлар, зиялы қауым өкілдері мен барлық деңгейдегі биліктің адамдары жайғасқан. Одан сәл жоғары орындар медицина саласында білім алатын студенттерге арналса, ең артқы жерлері қарапайым халыққа бұйырған. Көрермендер әртүрлі мемлекеттен, әр қаладан жиналатын болған. Еуропаны саяхаттап жүрген бай-шонжарлар міндетті түрде Италия мен Голландияға ат басын бұрған деседі. Жергілікті анатомиялық театрлар туристер үшін көрнекті жерлердің көшін бастап тұрған. Сол заматта, мұндай театрлардың тұрақты көрермендерінің көбі білімге құштар, ғылымға қызығушылығы жоғары зиялы қауым өкілдері болған. Олар көрген-білгендерімен бөлісіп, ағартушылықпен де айналысқан. Мұндай театрдағы қойылымдар бірнеше күнге созылған, сәйкесінше билеттер спектакльдің барлық бөліміне сатылып отырған. Бірінші күні – хирург арнайы сахналық киімін киіп, алдымен ішастар қуысын (брюшная полость) сойып, көрерменге ішек-қарын, өкпе, бауыр, көкбауыр сынды ағзаларды таныстырған. Келесі күні көкірек қуысын көрсетсе, үшінші күнді адамның бас сүйегін ашуға қалдырады. Бұдан кейін, сүйек, буын және тағы басқа ұсақ-түйектер таныстырылатын болған. Егер анатом үстелде әйелді соятын болса, билеттің құны екі еселенген. Себебі, әйелдің ішастар қуысын сою кезінде баланың дүниеге келу құпиясы да ашылатын болған деп есептелген.
Театр: ғылымға пайдасы мен қоғамға зияны
XIX ғасырдың басында анатомия ғылымының мамандары үшін адамның мүрдесі кәдуілгі құралға айналып, «өлім» жазасына кесілген қылмыскерлердің өлі денесінің өзі мұндай қойылымдарды көрсетуге жетпей жатады. Осы кезеңдерде «өлікті ұрлаған» деген баппен айыпталғандардың саны күрт артады. Зираттардың барлығына күзет қойылып, жаңа көмілген пенденің зиратын ерекше назарда ұстау үшін қосымша ақша төленетін болған. Себебі, қайтыс болған адамның денесін бірден сату қымбат бағаланған.
1828 жылғы Ұлыбританияда орын алған Уильям Берк пен Уильям Хэр есімді аттас екі ирландиялықтардың ісі тарих беттерінде қалғаны сөзсіз. Олар Эдинбургте 17 адамды өлтіріп, денелерін анатомиядан жеке сабақтар өткізетін профессор Роберт Ноксқа сатып отырған. Бірде, бұл екеуі көшеде өліп қалған қаңғыбастың денесін ұрлап, әлгі ғалымға сатады. Мүрделерді сату арқылы қомақты ақша таба алатынын түсінген екеуі өз құрбандарын жақсылап ішімдікке тойдырып, сосын тұншықтырып өлтіріп, сатып жіберіп отырған. Берк пен Хэр кедей кемпір мен оның соқыр немересінен бастап, қаланың ақыл-есі кем тұрғындарын, жеңіл жүрісті қыздарды және тағы басқа қаңғыбастарды оңай өлтіріп отырған. Тіпті кезекті құрбандарының бірін полицей бөлімшесінен алып кеткен екен. Бір күні полиция өкілдерінің удай мас әйелді әкетіп бара жатқанын көріп, қасына жақындап сол мас бикешті жақсы танитындарын, оны үйге өздері жеткізетінін айтып алып кетеді. Арада бірер сағат өткеннен кейін әлгі әйелдің қылмыскерлердің қолынан қаза болғаны белгілі болып, ақыр соңында екі ирландиялық ұсталады. Бірақ тек Берк өлім жазасына кесілді. Сондай-ақ бұл қылмыскердің денесі жаңағыдай театрға келетін көрермендерге қойылым көрсету үшін союға беріледі. Сол кездері, өлгеннен кейін анатомиялық үстелдің үстіне түсу – ең ауыр әрі қорқынышты жазалардың бірі болған. Ал профессор Нокс ғылыми қызметінен босап, өмірінің соңына дейін балық шарушылығымен айналысқан деседі.
Жалпы, анатомиялық театрлардың қалай жабылғаны туралы нақты мәліметтер жоқтың қасы. Десек те, кейбір ресми мәліметтерде дәл осы қылмыстық фактілердің күрт көбеюіне, «адам ұрлау» – қарапайым қылмыс түріне айнала бастағанына халық наразы болып, жергілікті билік өкілдері мұндай театрлардың жұмысын тоқтатқан деседі. Бұл – осындай театрлардың қоғамға тигізген зиянды әрі қауіпті тұсы.
Дей тұрғанмен, медальдің екі жағы болады емес пе? Анатомиялық театрлар жалпы медицинаның түрлі салаларында жаңалық ашуға, қандай да бір теориялық тұжырымдарды дәлелдеуге, ғылыми жобаларды зерттеуге мол мүмкіндік берген. ХVІ ғасыр – анатомия ғылымы үшін тың зерттеулер жасалып, медициналық жаңалықтар көп ашылған кезең. Мәселен, профессор Галеннің «адамның жүрегі екі камерадан тұрады, ортасында үлкен тесік болады» дейтін тұжырымын бельгиялық жас ғалым Андреас Везалий тек он алтыншы ғасырда қате екенін дәлелдеп шығады. Теңдессіз анатомның бұл қате тұжырымына барлық ғалымдар он төрт ғасыр бойы көзсіз сеніп келген. Егер Италиядағы адам соятын көріністер болмаған жағдайда адамның жүрегі екеу емес, төрт камерадан тұратынын білер ме едік, білмес пе едік?
Бұдан бөлек, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде әйелдерді истерия, анарексия және тағы басқа психикалық аурулардан емдеу үшін аналық ұрығын ота жасап, алып тастайтын болған. Себебі, ол заманда әйелдің барлық нерв жүйесін басқаратын ағза – аналық ұрық деп саналған. Бірақ әйелдің бұл ағзасын алып тастағаннан кейін, ескі аурулары қозып, қосымша қиындықтар туындап отырған. Ресми деректерде, шамамен 150 мыңнан астам әйел осында қате тұжырымның құрбаны болған. Бірде австриялық белгілі ғалым Иозеф Хальбон теңіз шошқаларының аналық жұмыртқаларын алмастырып көреді де, бұл ұрықтардың қайтадан іске қосылып, жүйке жүйесінен тәуелсіз қызмет ете алатынына көз жеткізеді. Сол кездің анатом-профессорлары «Бұл ғылыми жаңалық медицина саласындағы ұлы төңкеріс, эндекренология саласының бастауы болды» деп баға берген.
Түйін:
Анатомиялық театрлар бүгінге дейін мұражай есебінде бірқатар Еуропа мемлекеттерінде сақталып, билік тарапынан қорғалып та келеді. Мұнда сол кездегі сойылған адамдардың қаңқалары және тағы басқа медициналық құнды жәдігерлер сақталған. Осындай ғылыми орталықтар Ресейде, Украинада және бірқатар ТМД елдерінде де болған. Киевтегі анатомиялық театрды қайта жөндеуден өткізу үшін белсенді қайраткерлер биліктен қаражат сұрап, мәселе көтергенін білеміз. Ал Қазақстанда «адам сою» ешуақытта жалпы қоғамдық назарға қойылған емес. Бұл – тек медицина мамандарына тән дүние. Халықтың анатомия саласына XIV-ХVIII ғасырдағы тұрғындар сияқты қызығушылығы да арта қойған жоқ. Бұл бір жағынан, қоғамның басым бөлігінің ғылымға деген қызығушылығының төмендігінен болса, енді бір қырынан қарағанда ел тұрғындарының Тәңірге деген сенімінің терең болуынан сияқты. Бүгінгі қоғамда, адам өлгеннен кейін денесін мұндай қойылымдарға беру былай тұрсын, тексеру үшін де сойдыруға келісім бермей жатады. Өйткені бүгінде адамдар үшін бұ дүниенің қамынан гөрі, ана жақтағы өмірдің салмағы басымырақ болса керек.
Айдана Нұрмұхан
alashgazeti.kz