Анатомияның бастауы – театр

Анатомияның бастауы – театр
Фото: GetBg.net

Қазіргі қоғамда театр – мәдени ошақ, өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция. Бұл ұғымның басқаша баламасы жоқ бүгінде. Бағзыда, театр – шығармашылық орта болудан бөлек, басқа да қызмет атқарған. Мәселен, XIV-ХVIII ғасыр – анатомиялық театрдың дәуірі болып есептеледі. Төрт ғасырға жуық тоқтаусыз жұмыс істеген мұндай театрлардың кезеңі анатомия тарихында қалғаны сөзсіз. 

Анатомиялық театр (лат. theatrum anatomicum) – осы сала­дағы медициналық жұмыстар мен зерттеулер жүргізіліп, ғылыми дә­рістер оқылатын ғимарат. Тіпті мұн­дай мекемелерде қандай да бір ғы­лыми теорияларды тәжірибе жү­зінде дәлелдеу үшін адамның мүр­де­сін сойып, ғалымдар жиналып сол мәселені талқылайтын болған. Бі­рақ XIV ғасырда мұндай ғылыми ме­кемелердің басым бөлігі театрға ай­нала бастады. Яғни, адам сою процесі жалпыға бірдей қойылым ретінде көрсетілетін болды.

1594 жыл – анатомия саласына қо­ғам қызығушылығының арта бас­таған кезеңі. Дәл осы тұста Еу­ро­пада жаңағы айтқан анатомиялық теат­рлар бірінен соң бірі ашыла бас­тайды. Бұл саладағы тұңғыш театр осы жылы Италияның Падуя қаласында бой көтерді және әлі күн­ге тарихы терең құнды жәдігер ре­тінде сақталып келеді. Бұдан кейін, мұндай театрлар Голландияда жаппай ашыла бастады. 1597 жылы – Лейденде, 1614 жылы – Дельфте және 1619 жылы Амстердам қала­сында да теңдессіз театрлар өз жұ­мысын бастайды. Ресми деректерде Нидерландыдағы театрлардың ашылуынан бергі бір ғасырға жуық уақыттан кейін І Петр сол елге ар­найы барып, анатомиялық қойы­лым­дарды тамашалаған делінеді. Сол сапарынан кейін Ресейде де осы саладағы театрлар бой көтере бас­таған. Сондай-ақ Англия мен Фран­ция да мұндай театрлардан кен­де қалған жоқ. Париждегі Жар­ден дю Руада анатомиялық көрі­ніс­терді тамашалауға бір уақытта 400-500 адам қатысқан деседі.

Мұндай театрлар архитек­тура­лық құрылысы бойынша бір-бірі­нен өзгешеленген. Италиядағы театр­лар көбіне Колизейге ұқсатып со­ғылған. Театрдың бұл типі Алек­сандр Бенедеттидің есімімен тығыз байланысты. Әдетте мұндай ана­то­миялық театрлар цирк үлгісінде салынады. Кішігірім амфитеатрдың дәл ортасында өлікті соятын үстел, ал айналасына көрермендерге ар­нап галерея қойылған. Залдың бар­лық жеріне адам қаңқасын дра­ма­лық үлгіде безендіріп, орна­лас­тыр­ған. Мәселен, кей қаңқалардың қо­лына «Өлім туралы ұмытпа» де­ген мазмұнда жазбалар іліп қойса, кей­біреуінің сүйектерінің тұсына түсіндірме жазатын болған. Бұдан бөлек, француз анатомы Шарля Эстьена ХVІ ғасырда мұндай театр­дың басқа үлгісін ұсынады. Өзінің 1545 жылы жарық көрген De dissectione partium corporis humani кі­табында жартылай доғал форма­дағы театр идеясын ұсынған. Яғни, бұл ғалымның идеясы қазіргі театр­лардың сахнасына ұқсас. Шарля анатомиялық көрініс кезінде сах­надағы анатом-артистердің бар­лық қимыл-әрекеті толық көрінуі үшін жүзін көрерменге қаратуы керек деп есептеген. Кей театрларда клас­сикалық әуен ойнаса, енді бірінде арнайы үзіліс жасап, қонақтарға тәт­тілер ұсынған.

Ең қызығы, сол уақыттарда мұн­дай театрларға жиналатын қауым­ның көптігі соншалық, би­лет­тер алдын ала түгел сатылып ке­тіп отырған. Ең алдыңғы және тө­менгі орындарға профессорлар, зиялы қауым өкілдері мен барлық дең­гейдегі биліктің адамдары жай­ғасқан. Одан сәл жоғары орындар медицина саласында білім алатын студенттерге арналса, ең артқы жер­лері қарапайым халыққа бұйырған. Көрермендер әртүрлі мем­лекеттен, әр қаладан жина­латын болған. Еуропаны саяхаттап жүрген бай-шонжарлар міндетті түрде Италия мен Голландияға ат басын бұрған деседі. Жергілікті ана­томиялық театрлар туристер үшін көрнекті жерлердің көшін бастап тұрған. Сол заматта, мұндай театр­лардың тұрақты көрермендерінің көбі білімге құштар, ғылымға қы­зығушылығы жоғары зиялы қауым өкілдері болған. Олар көрген-біл­гендерімен бөлісіп, ағартушы­лық­пен де айналысқан. Мұндай театр­дағы қойылымдар бірнеше күнге со­зылған, сәйкесінше билеттер спек­такльдің барлық бөліміне са­ты­лып отырған. Бірінші күні – хи­рург арнайы сахналық киімін киіп, алдымен ішастар қуысын (брюшная полость) сойып, көрерменге ішек-қарын, өкпе, бауыр, көкбауыр сынды ағзаларды таныстырған. Келесі күні көкірек қуысын көр­сетсе, үшінші күнді адамның бас сүйегін ашуға қалдырады. Бұдан кейін, сүйек, буын және тағы басқа ұсақ-түйектер таныстырылатын болған. Егер анатом үстелде әйелді соятын болса, билеттің құны екі еселенген. Себебі, әйелдің ішастар қуысын сою кезінде баланың дү­ниеге келу құпиясы да ашылатын болған деп есептелген.

Театр: ғылымға пайдасы мен қоғамға зияны
XIX ғасырдың басында ана­то­мия ғылымының мамандары үшін адамның мүрдесі кәдуілгі құралға айналып, «өлім» жазасына кесілген қылмыскерлердің өлі денесінің өзі мұндай қойылымдарды көрсетуге жетпей жатады. Осы кезеңдерде «өлікті ұрлаған» деген баппен айып­талғандардың саны күрт ар­тады. Зираттардың барлығына күзет қойылып, жаңа көмілген пенденің зиратын ерекше назарда ұстау үшін қосымша ақша төленетін болған. Себебі, қайтыс болған адамның де­не­сін бірден сату қымбат баға­лан­ған.

1828 жылғы Ұлыбританияда орын алған Уильям Берк пен Уи­льям Хэр есімді аттас екі ирлан­диялықтардың ісі тарих беттерінде қалғаны сөзсіз. Олар Эдинбургте 17 адамды өлтіріп, денелерін анато­миядан жеке сабақтар өткізетін про­фессор Роберт Ноксқа сатып отыр­ған. Бірде, бұл екеуі көшеде өліп қалған қаңғыбастың денесін ұрлап, әлгі ғалымға сатады. Мүр­делерді сату арқылы қомақты ақша таба алатынын түсінген екеуі өз құр­­бандарын жақсылап ішімдікке той­дырып, сосын тұншықтырып өл­­тіріп, сатып жіберіп отырған. Берк пен Хэр кедей кемпір мен оның со­қыр немересінен бастап, қа­ланың ақыл-есі кем тұрғындарын, жеңіл жүрісті қыздарды және тағы басқа қаңғыбастарды оңай өлтіріп отыр­ған. Тіпті кезекті құр­бан­дарының бірін полицей бөлімшесінен алып кет­кен екен. Бір күні по­лиция өкілдерінің удай мас әйелді әкетіп бара жатқанын көріп, қа­сына жақындап сол мас бикешті жақсы танитын­дарын, оны үйге өздері жет­кізетінін ай­тып алып ке­теді. Арада бі­рер сағат өт­кен­нен кейін әлгі әйелдің қыл­мыскерлердің қо­лынан қаза бол­ғаны белгілі болып, ақыр соңын­да екі ирландиялық ұс­талады. Бірақ тек Берк өлім жаза­сына кесілді. Сондай-ақ бұл қыл­мыс­­кердің денесі жаңағыдай театр­ға келетін көрермендерге қойылым көрсету үшін союға беріледі. Сол кездері, өлгеннен кейін анато­мия­лық үстел­дің үстіне түсу – ең ауыр әрі қор­қынышты жазалардың бірі болған. Ал профессор Нокс ғылыми қыз­метінен босап, өмірінің соңына дейін балық шарушылығымен ай­на­лысқан деседі.

Жалпы, анатомиялық театрлар­дың қалай жабылғаны туралы нақ­ты мәліметтер жоқтың қасы. Де­сек те, кейбір ресми мәліметтерде дәл осы қылмыстық фактілердің күрт көбеюіне, «адам ұрлау» – қара­пайым қылмыс түріне айнала бас­тағанына халық наразы болып, жер­гілікті билік өкілдері мұндай театрлардың жұмысын тоқтатқан деседі. Бұл – осындай театрлардың қоғам­ға тигізген зиянды әрі қауіпті тұсы.

Дей тұрғанмен, медальдің екі жағы болады емес пе? Анатомиялық театрлар жалпы медицинаның түрлі салаларында жаңалық ашуға, қан­дай да бір теориялық тұжырым­дарды дәлелдеуге, ғылыми жоба­лар­ды зерттеуге мол мүмкіндік бер­ген. ХVІ ғасыр – анатомия ғы­лымы үшін тың зерттеулер жаса­лып, медициналық жаңалықтар көп ашылған кезең. Мәселен, про­фес­сор Галеннің «адамның жүрегі екі камерадан тұрады, ортасында үлкен тесік болады» дейтін тұжы­рымын бельгиялық жас ғалым Андреас Ве­за­лий тек он алтыншы ға­сырда қате екенін дәлелдеп шы­ғады. Теңдессіз анатомның бұл қате тұжырымына барлық ғалымдар он төрт ғасыр бойы көзсіз сеніп келген. Егер Ита­лиядағы адам соятын кө­ріністер болмаған жағдайда адам­ның жүрегі екеу емес, төрт камера­дан тұраты­нын білер ме едік, білмес пе едік?

Бұдан бөлек, Еуропаның бірқа­тар мемлекеттерінде әйелдерді исте­рия, анарексия және тағы басқа психикалық аурулардан емдеу үшін аналық ұрығын ота жасап, алып тастайтын болған. Себебі, ол за­манда әйелдің барлық нерв жүйесін басқаратын ағза – аналық ұрық деп саналған. Бірақ әйелдің бұл ағзасын алып тастағаннан кейін, ескі ауру­лары қозып, қосымша қиындықтар туындап отырған. Ресми деректер­де, шамамен 150 мыңнан астам әйел осында қате тұжырымның құр­баны болған. Бірде австриялық белгілі ғалым Иозеф Хальбон теңіз шошқаларының аналық жұ­мыртқаларын алмастырып көре­ді де, бұл ұрықтардың қайтадан іске қосылып, жүйке жүйесінен тәуелсіз қызмет ете алатынына көз жеткізеді. Сол кездің анатом-профессорлары «Бұл ғылыми жаңалық медицина саласындағы ұлы төңкеріс, эндек­ренология саласының бастауы бол­ды» деп баға берген.

Түйін:

Анатомиялық театрлар бүгінге дейін мұражай есебінде бірқатар Еуропа мемлекеттерінде сақталып, билік тарапынан қорғалып та келеді. Мұнда сол кездегі сойылған адамдардың қаңқалары және тағы басқа медициналық құнды жәдігерлер сақталған. Осындай ғылыми орталықтар Ресейде, Украинада және бірқатар ТМД елдерінде де болған. Киевтегі анатомиялық театрды қайта жөндеуден өткізу үшін белсенді қайраткерлер биліктен қаражат сұрап, мәселе көтергенін білеміз. Ал Қазақстанда «адам сою» ешуақытта жалпы қоғамдық назарға қойылған емес. Бұл – тек медицина мамандарына тән дүние. Халықтың анатомия саласына XIV-ХVIII ғасырдағы тұрғындар сияқты қызығушылығы да арта қойған жоқ. Бұл бір жағынан, қоғамның басым бөлігінің ғылымға деген қызығушылығының төмендігінен болса, енді бір қырынан қарағанда ел тұрғындарының Тәңірге деген сенімінің терең болуынан сияқты. Бүгінгі қоғамда, адам өлгеннен кейін денесін мұндай қойылымдарға беру былай тұрсын, тексеру үшін де сойдыруға келісім бермей жатады. Өйткені бүгінде адамдар үшін бұ дүниенің қамынан гөрі, ана жақтағы өмірдің салмағы басымырақ болса керек.

Айдана Нұрмұхан
alashgazeti.kz

@. @assel_assanova