- Негізгі бет
- Театр
- Алматыға маэстро Ренат...
Алматыға маэстро Ренат Салаватов келеді
«Бордо Операсы» балеттік труппасының директоры, Шарль Жюдтің қойылымындағы Сергей Прокофьевтің аты аңызға айналған «Ромео мен Джульетта» балеті Абай атындағы МАОБТ сахнасында қойылады. Басты партияларды орындайтын «Астана Опера» театры балетінің жетекші солистері: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Premio Roma Italy» сыйлығының лауреаты биші Мәдина Баспаева (Джульетта) және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері майталман Тайыр Гатауов (Ромео). Шақыртылған дирижер – Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі және Татарстанның Халық әртісі Ренат Салаватов.
Қуатымен таңғалдыратын таңдайқақтырарлық италиандық декорациялар мен әр бөлігі сол дәуірдің стилі жайлы сыр шертетін қымбат үлгідегі костюмдерді өз ісінің асқан шеберлері – Эцио Фриджерио мен Оскар иегері Франко Скуарчапино әзірлеген жұмысты Алматы тұрғындары мен қонақтары тек бір күн – 8 ақпанда тамашалай алады.
Француз хореографы Шарль Жюдтің қойылымы балет жұбының көптігімен ерекшеленеді, соған қарамастан балеттің рухы өзгермейді. «Драманың мазмұнында мәңгілік оқиға жатыр, ондай жағдай бүгінгі өмірде де кездесуі мүмкін. Отбасылар арасындағы текетіресті қазіргі заманда да жер бетінің кез келген түкпірінен кездестіруге болады. Өзіме ерік беріп, қойылымның бір жерін өзгерттім, ол драманың финалы: Ромео әлі өлген жоқ, сол кезде Джульетта оянады да, соңғы көріністе ғашықтар бір-бірімен қауышады. Олар екеуі де махаббаттары өлмейтінін, мәңгі екенін түсінеді. Шекспирлік повесть Монтекки мен Капулетти қауымының өкілдерінің кездесіп, өмірде бір-біріне шыдамдылықпен қарап, жер бетінде семсер мен қантөгістен басқа да нәрсеге орын бар екеніне көз жеткізетін өмір трагедиясы араздықты тоқтатумен аяқталады. Сахнада өрбитін оқиға көрерменді толықтай драмаға бойлатып, ой салатын азық болады», – дейді Шарль Жюд.
«Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев балетте ерлер биі басым екенін атап өтті. «Астана Опера» театрының балеттік труппасы өте жақсы, әсіресе, еркектер жағы, бұл өз кезегінде аталған балетті бұрынғыдан да әсерлі етуге мүмкіндік береді», – дейді Т.Нұрқалиев.
«Ромео мен Джульетта» балеті Абай атындағы театрда 8 ақпан күні болады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі
С. А