- Негізгі бет
- Театр
- Алматыда М.Мақатаевтың «Райымбек,...
Алматыда М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» дастаны сахналанды
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры мерейтойлық 70-маусымын ақын Мұқағали Мақатаевтың тарихи поэтикалық «Райымбек, Райымбек» дастанымен ашты.
Бұл қойылым Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойылып отыр. «Ата – балаға сыншы». Ел басынан өткен зар заман азаптарын арқау еткен қойылым бабалар салған ізгі жол арқылы өрбиді. Тарих мойындаған, біз білетін Райымбек батырдың алғашқы қадамы қалай басталды? Ел азаттығы жолында жауға қарсы шыққан баланы таныған кім?
Балтабай Сейітмамытұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Әлмерек бидің рөлінде: - Бала Райымбектің Райымбек екенін, оның үлкен болашағы бар екенін, үлкен азамат шығатындығын бірінші байқаған – Әлмерек ақсақал. Сонан кейін барып оны сынға салады, сыннан өткенен кейін ғана Райымбек атқа мініп, жігіт болып, қолына қару алып, Хангелдінің сауытын киіп, жорыққа шығады. Алғаш ат жалын тартып, қолына қару алып, жауға шабатын бала Райымбектің рөлін 14 жастағы Мұхаметжан Байзақов ойнаса, толысып, жітіт болған шағын көпшілікке «Жау жүрек мың бала» фильмі арқылы таныс Асылхан Төлепов ойнайды.
Асылхан Төлепов, басты кейіпкер рөлінде: - Кино мен театр – екеуі екі бөлек. Театрда көрермен сахнада ойнап жүрген Райымбекті, тірі батырды көргісі келеді. Бұл менің театрдағы бірінші үлкен рөлім. Жастар театрының мерейлі маусымындағы тағы бір жаңа қойылым – балаларға арналған «Алтын мүйізді киік» ертегісі. Сондай-ақ театр ұжымы тағы бір тәжірибелік жобаны қолға алыпты.
Сәбит Әбдіхалықов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры: - «Түнгі қала» деген пьесаға тапсырыс беріп, жаздырып жатырмыз. Кешке қыдыруға шыққан, түнгі қаланы жақсы көретін жастарымыз театрға келіп, «Түнгі қала» деген спектакльді көруі үшін жұмыс жасап жатырмыз. Театрдың 70 жылдығына орай алдағы уақытта Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі сахналанбақ.
Дереккөз: 24.kz
Е. Жұмабайұлы