- Негізгі бет
- Театр
- Алматыда жазушы, драматург...
Алматыда жазушы, драматург Баққожа Мұқайды еске алу кеші өтіп жатыр
Алматы қаласында жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтіп жатыр. Жазушының туған-туыстары, достары және әріптестері марқұмды еске алып, шығармашылығы мен жеке өмірі жайлы естеліктер айтты.
26 қараша күні «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл жиынға қазақстандық белгілі жазушылар, драматург, әдебиеттанушылар, ғалымдар мен публицистер және Баққожа Мұқайдың әріптес достары қатысты. Конференция барысында олар жазушының әдеби шығармаларына сараптама жасады.
«Қазақ жазушыларының арасындағы ірі тұлғалардың бірі – Баққожа Мұқай. Мен онымен 1966 жылы таныстым. Екеуміз бір университетте оқып, Самарқанда Отан алдындағы борышымызды бірге өтедік. Тіпті, журналистика саласында да бұл жолды бірге бастаған екенбіз. Өмірінің соңына дейін дәм-тұзымыз жарасып, жақсы араластық. Ол өз жұмысын аудандық газетте бастап, кейін республикалық деңгейге дейін көтерілді. Журналистік қызметінен бөлек ол драматургияда, әдебиет саласында бірнеше шығарманың авторы атанды», - деді филология ғылымдарының докторы, Ұлттық академияның академигі Уәлихан Қалижан.
Ол кісінің айтуынша, Баққожа Мұқай өзгелерден ерекше еңбекқорлығымен ерекшеленді.
– Мысал ретінде алсақ, ол өзінің «Өмірзая» романын үш рет жазып шыққан. Соның нәтижесінде ол дәл осы шығармасымен Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Өзінің шығармаларында ол қоғамдағы ең өзекті мәселелерді қозғады. Әлі есімде, «Парасат» журналы жабылғалы жатқанда ол кісі араша түсіп, журналдың әрі қарай жарияланып тұруы үшін демеушілер іздестіріп, соңында тауып берген еді.
Конференция барысында жазушының кітаптары да талқыланды. Қатысушылардың айтуы бойынша, «Өмірзая» романы еркіндік үшін күрескен қазақ халқын көркем суреттеген Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенберлиннің шығармаларынан еш кем емес.
Жиын барысында жазушының ұлы Ерлан Мұқай әкесі жайлы естеліктермен бөлісті. Сонымен қатар, «Өмірзая» романын жазу барысындағы оқиғаларды да жеткізді.
– Әкем бұл романды 1988-1998 жылдардың аралығында жазды. Осы кезеңде ол түрмедегі, жындыханадағы саяси тұтқындармен сұхбаттасты. Сол кезеңдегі елдің ішіндегі жағдайды шынайы жеткізу үшін бұл әңгімелер шығармаға әр берді. Одан бөлек ол кісі түрлі ұйымдағы қызметкерлермен де жасырын кездесіп, болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алып отырды. Ол кез Кеңестік кезең еді. Оның ойында жүрген дүниелерде ол дәуірде жазбақ түгілі, ауыз ашып айтуға болмайтын. Әкем романды жазу үшін тынбай еңбектенді. Тіпті, басқа жұмысын ысрып қойып, тек кітап жазуға ғана уақыт бөлген кездері болған.
Баққожа Мұқайдың пьесалары 20 тілге аударылып, 20-дан астам елде сахналанды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің айтуынша, ол студент кезінен өте еңбекққор болған.
– Оның жарық дүниемен қоштасқанына бүгінде 10 жыл өтсе де, ол көрерменінен ажыраған жоқ. Оның сонау сексенінші жылдары қойылған қойылымдары әлі күнге дейін өзекті. Ол қазақ театрының қорын үздік туындыларымен толтырды. Біз бірінші курста оқып жүргенде мен оған қонаққа бардым. Барсам оның бөлмесінде 6 адам бар, ол соның өзінде бөлменің бұрышында үсті ақ қағазбен толған үстелде жұмыс жасап отыр. Бұнымен айтқым келгені, ол өте еңбекқор адам еді.
27 қараша сағат 18:30-да Мұхтар Әуезов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында драматургтың 70 жылдығына арналған салтанатты театр кеші өтеді.
Баққожа Мұқай 1948 жылдың 31 қаңтарында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, 1965 жылы аудандық «Коммунизм нұры» газетінде өз қызметін бастаған. 1995 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Парасат» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы ьолды. Жазушы 2008 жылы өмірден озды.
Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылған.
Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» атты кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
А. Қажиев