- Негізгі бет
- Театр
- Алматыда балалар спектакльдерінің...
Алматыда балалар спектакльдерінің фестивалі өтеді
Ұлыстың ұлы күні мен Халықаралық театр күнінде Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында алғаш рет «Алтын сақа» балалар спектакльдері фестивалі өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Бала тәрбиесі – бұл ата-аналардың ерекше азаматтық борышы» деп Н.Ә.Назарбаев айтқандай бала тәрбиесі қашанда маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады. Ал, ертегінің театр қойылымдары арқылы сахнада көрініс табуы – жас ұрпаққа рухани, патриоттық тәрбие беруде маңызы орасан. Театрымыздың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында, алғаш рет «Алтын сақа» атты балалар спектакльдерінің фестивалі ұйымдастырылып отыр.
Фестивальде Байділдә Қалтаев атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі үшін», Аққағаз Мәмбетова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі үшін», Қасым Жәкібаев атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі ер адам бейнесі үшін», Әминә Өмірзақова атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі әйел бейнесі үшін», «Ең үздік эпизодтық рөл», «Эпизодтық рөлдегі актерлық шеберлігі үшін», «Көрермендер көзайымы», «Ең үздік дебют» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі өткізіледі. Жүлделерді қазылар алқасы мүшелері мен арнайы шақыртылған қонақтар табыстайды. Баспасөз конференциясының негізгі бөлімінен кейін, фестивальдің алғашқы спектаклі назарларыңызға ұсынылады.
Фестивальдің ашылуына орай баспасөз мәслихаты 24 наурыз күні Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді. Сағат 10:00-ге жоспарланған.
О. Сансызбай