- Негізгі бет
- Театр
- Алматыда актриса Тынышкүл...
Алматыда актриса Тынышкүл Сұлтанбердиеваның мерейтойлық бенефисі өтеді
Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Тынышкүл Сұлтанбердиеваның мерейтойлық бенефисіне шақырады. Актриса мерейтойлық бенефисте «Махаббат хаттары» (авт. А. Герни, ауд. А. Көлбаева, реж. Ж. Жұманбай) спектаклінде басты рөлді сахналайтын болады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сұлтанбердиева Тынышкүл 1955 жылы 4 ақпанда Жамбыл облысы, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы, «98-ші разъезд» ауылында дүниеге келген. 1971 – 1974 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жанындағы театр студиясын бітіріп, драма артисі мамандығын алды. 1974 – 1976 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрында артист ретінде қызмет етті. Ол осы театрда өзінің сахна әлеміндегі тұңғыш рөлдері: Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Баянның, «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Ақтоқты бейнелерін сомдады. Осыдан кейін, 1976 – 1978 жылдар аралығында Қазақтың мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында, ал, 1978 – 1993 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жемісті еңбек етті. Осы кезеңдерде ол: М.Әуезовтің «Абай» қойылымында – Ажар, Б.Римованың «Абай – Әйгерімінде» – Тоғжан, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінде – Әйгерімнің, Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» қойылымында – Клорина рөлдеріне, тағы да басқа түрлі жанрлы спектакльдердегі сан-қилы мінез-құлықтағы кейіпкерлер бейнесіне сахна төрінде жан бітіріп, өзінің шынайы талант иесі екендігіне көрермен көзін жеткізіп, сыншылар тарапының жоғары бағасын алып, өнерсүйер қауымның көңілінен жылы орын таба білді.
Тынышкүл 1993 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына ауысып келгеннен күні бүгінге дейін, осы театрда үзбей қызмет етіп, сахна төрінде шоқтығы биік етіп көрсете алған рөлдері арқылы жұртшылық ілтипатына бөленіп, даусыз талант иесі екендігіне сыншыл көзді еріксіз мойындатып келеді. Ол ойнаған А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі – Тортилло, Иран-Ғайыптың «Желжуан» трагикомедиясында – Бәйек, Ш.Мұртазаның «Жетім бұрышында» – Мүнира, Ш.Аймановтың «Желсіз түнде жарық ай» драмасында – Ана, Т.Нұрмағамбетовтің «Біз түріктерміз» қойылымында – Сәния, А.Ысмайыловтың «Алдар көсе» ертегісінде – Ана, О.Дастановтың «Әзірет Сұлтан» драмасында – Ана, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Дәметкен, «Қыз Жібек» трагедиясында – Шәйін, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» трагедиясында – Мақпал, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» лирикалық мұңында – Мәдина, В.Шекспирдің «Ромео-Джульетта» итальяндық фрескасында – Королева, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» тарихи драмасында – Фатима ханым, А.Зинчуктың «Қайдасың, бақыт?..» ертегісінде – Ана рөлдері, аталған спектакльдер кезінде көрермен көңілінен шығып, сыншылар қауымының оң бағасын алып, сәтті қойылымдардың қатарында саналды.
Т. Сұлтанбердиева ойнайтын спектакльдермен театр қатысқан: Абайдың 150 жылдығы аясында Жезқазған қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде театрымыз бас жүлде – Гран-Приді, сондай-ақ, Махамбеттің 200 жылдық мерейтойына орай Орал қаласында өткен ХІ Республикалық театр фестивалінде Ж.Хаджиев қойған І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» тарихи драмасы да Бас жүлдені жеңіп алды.
Т. Сұлтанбердиеваның театрда соңғы жылдары сахналанған спектакльдердегі: Ф.Шиллердің «Махаббат пен ғадауат» трагедиясында – Леди Мильфорд, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Мақпал, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясында – Башорот, М.Ахмановтың «Наурыз думан» балаларға арналған музыкалы-танымдық ертегісінде – Күз, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» трагикомедиясында – Нұрия, Т.Теменовтің «Шығыс сазы» музыкалық хикаясында – Мыстан кемпір, М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз...» трагедиясында – Текті, т.б. бейнелері – сахнагердің ерекше атауға тұратын өзіндік орны бар, шығармашылық жолындағы асулы үлкен жетістігі. Сахнагер сомдаған әрбір рөл өзіндік ерекшелігімен, яғни, қайталанбас иірімдерімен, шынайылығымен құнды.
Сонымен қатар, ол «Қырғызфильм», «Қазақфильм» шығарған көркем фильмдерге және отандық бірнеше телесериалдарға да түскен. Сондай-ақ, Т.Сұлтанбердиеваның дубляж саласындағы еңбегі де орасан зор.
О. Сансызбай