- Негізгі бет
- Театр
- Алматы қаласында «Ұлттық...
Алматы қаласында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы өтті
Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы өтті.
Шара аясында 300-ден астам құнды жәдігер Ұлттық музейге табысталды. Олардың ішінде: Ілияс Жансүгіровтің жеке құжаттары, отбасылық фотолары, Әлкей Марғұланның радиоқабылдағышы, сағаты, Шәмші Қалдаяқовтың 1965 жылғы 4 ақпанда Шымкент облысының жастары және жерлестері сыйға тартқан «Кубань» пианиносы, Әзілхан Нұршайықовтың 1980 жылы КазПИ студенттері сыйға тартқан домбырасы, кітаптары, қаламы, «Nikon» фотоаппараты, Сафуан Шәймерденовтің кітаптары, қолжазбалары, жарнама афишалары, 1990 жылы Елбасының сыйға тартқан саквояжы, Ғарифолла Құрманғалиевтің 1930 жылдары қолданған домбырасы, фотосуреттері, қолжазбалары, құрмет грамоталары, Серке Қожамқұловтың кітабы мен қол таяқшасы және қамшысы, Еркеғали Рахмадиевтің бөркі, картинасы, қол сағаты, көзілдірігі, нота парақтары, Жүсіпбек Елебековтің 60 жылдық мерейтойына күйші Мағауия Хамзин сыйлаған домбырасы, Қаныш Сатпаевтың 1950-1960 жылдары жасалған мүсіні және 100 жылдығына арнайы жасалған кәдесыйлар мен кітабы, Ермек Серкебаевтың 70 жылдығына Елбасы Н.Назарбаев сыйлаған алтын, күміс жалатылған қол сағаты бар. Сондай-ақ, Ерболат Төлепбай, Ағымсалы Дүзелханов, Қазақбай Әжібеков сынды елімізге белгілі суретшілер өз туындыларын тарту етті.
Акцияда Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Қазақта «ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» деген сөз бар. Халықтың қолынан туған ең үздік дүниелер ешқашан бір отбасының немесе әулеттің дүниесі болып қалмақ емес. Осылай ойлайтындар ата-бабасына ұлттық деңгейде емес, пендешілік деңгейде қарап отырғанын түсінбей жатады. «Ел іші – өнер кеніші». Жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде әлі ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр. Оны «бабамның бабасының көзі» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ойлайды. Ал шындығында, бетін аулақ қылсын, оның оттан-судан сақтандырылмағаны былай тұрсын, кез-келген зат биологиялық өзгерістердің салдарынан жылдан-жылға жойыла береді. Жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Шамамен алғанда, 50-70 жылда жеке азаматтың қолындағы бұйым, зат жойылып отырады. Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Сондықтан «кез-келген мұра музейде сақталыну керек» деген елдік ұстанымды жалпыхалықтық парыз санаудың уақыты туды деп санаймын» деді.
Қоғам назарын тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне аударуды көздейтін акция ел арасында елеусіз жатқан құнды жәдігерлерді жинастыруды, сонымен қатар, халқымыздың саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлғалардың құнды дүниелерін ұрпақтарынан сый ретінде қабылдап алуды және оны кәсіби тұрғыда сақтап, халыққа көрсетуді көздейді.
Акцияға қатысушылардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист-ғалым, Қазақстанда музей құру ісінің талантты ұйымдастырушысы Өзбекәлі Жәнібековтің немересі Әзел Жәнібек: «Әулетіміздің биік бәйтерегі болған атамыздың тұтынған жеке заттарын, көзіміздің қарашығындай сақтаған 80-ге жуық фотосуретін, қаламын, қолжазбасын және қайшысын ҚР Ұлттық музейіне табыстадық. Ардақ тұтқан атамыздың көзі тірісінде қолданған заттары мұражайда сақталатыны – отбасымыз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш» деді.
Ал көрнекті ақын, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалижан Бекхожиннің жары Зайда Бекхожина: «Ұлттық музейге 1973 жылы Қалекеңнің 60 жасқа толған мерейтойында қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов пен Мәриям апай сыйлаған самаурынды, академик Әлкей Марғұлан мен аяулы жары, Қаныш Сәтбаевтың қарындасы Раушан апай екеуі естелікке тарту еткен гүл салатын құмыраны және өмірлік жолдасымның «Мерседес» деген жазу машинкасын сыйға тарттық. Ғанибетті ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет қылуға арнаған, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушының пайдаланған жеке заттары, ешқашан ескірмейтін еңбектерін басқан жазу машинкасы тарихи жәдігер ретінде ұлтымыздың баға жетпес құндылығына айналатынына қуаныштымыз» деді.
Айта кету керек, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биыл 18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтаннаты түрде бастау алған болатын. Шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, «Қадыр Мырзалиев» қорының төрағасы Донеділ Қажымов, Олимпиада чемпиондары – Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко сынды елге белгілі азаматтар, коллекционерлер, танымал тұлғалардың ұрпақтары, спортшылар, жеке адамдар қатысқан еді.
Акция жыл соңына дейін жалғасады, әрі ол еліміздің барлық аймағында өтеді. Ұлттық музей ұжымы акцияның жалғасын Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында өткізуді жоспарлап отыр.
Ж. Исакаев