Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық жасөспірімдер театрында алғашқы рет Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» моноспектаклі сахналанды. Қойылым «Тамшы» ғылым және мәдениет қорының ұйтқы болуымен өтті.
Жаңа антрприз театрының бұл таңғажайып ертегісі ересектерге арналады. Болат Абдрахманов режиссерлік еткен туындының басты ерекшелігі - сахнада бір ғана актердің өнер көрсетуі болды. Сафуан Рысбайұлы 1 сағат 30 минут бойы бірнеше рөлді жалғыз өзі ойнап, қойылымның шынайылығын, көркемдігін әрлей түсті.
Моноспектакль кішкентай ханзаданың басынан өткен шым-шытырық оқиғаларға құрылған. Оқиға ұшқыштың өз өмірін баяндауынан басталады. Ұшағы сынып, жапан далада жалғыз қалған оның жанына бір кішкентай бала келіп, одан қошақанның суретін салып беруді сұрайды. Салған суреттерінің бәрі балаға ұнамаған соң ұшқыш алдында тұрған жәшіктің суретін салып береді. Қошақаны соның ішінде деп сенген бала мен ұшқыш арасындағы диалог одан әрі өрби түседі.
Шығарманың адамға ой салар тұсы - үнемі «маңызды» істерден қолы босамайтын ересектер бейнесінің жан-жақты ашылуы. Автор миллиондаған адамның арасында жүріп-ақ жалғыз қалудың мүмкін екендігін айтқысы келетіндей. Үлкендер түсінігіндегі өмір мен өлім, махаббат пен жауапкершілік шынайы суреттеледі.
Қойылым барысында Сафуан Рысбайұлы Ұшқыш, Кішкентай Ханзада, Раушан гүл, Патша, Атаққұмар, Маскүнем, Іскер адам, Географ, Шырақшы, Түлкі, Жылан сынды бірнеше кейіпкердің рөлін шебер орындап шықты. Спектакль бас кейіпкердің орындауында француз тіліндегі «Fly mon âme» әнімен аяқталды.
Аталған қойлымды қазақ тіліне аударған - Жанар Қонаева, музыка авторы - Сергей Люшин.
Сурет: ©Мassaget.kz ©Нұртай Лахан (басқы сурет)