Астаналық көрермен Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балеттік спектаклін жаңа орындауда тамашалайды. 19 қыркүйекте, тек бір-ақ күн, биік сахнада Бордо ұлттық операсының (Франция) этуалі Роман Михалев алғаш рет өнер көрсетіп, ерекше сезімін жеткізе отырып қиялшыл Ромеоның бейнесін ашады.
Хореограф-балетмейстер Шарль Жюдтің қойылымында жарқырайтын қазақстандық жұлдыз, балеттің жетекші солисті Мәдина Баспаева Джульеттаның рөлін орындайды. Балет бірінші «Жібек Жолы» халықаралық фестивалінің шеңберінде өтеді.
Ш. Жюдтің шақыруымен М. Баспаева Францияда Джульетта партиясын билеп, француз көрерменінің жоғары бағасына ие болғанын естеріңізге сала кетейік. Әртіс, өнер сүйер қауым ұзақ уақытқа дейін шапалақ ұрып және «Браво» деп дауыстап, жібермей қойғанын атап өтті.
Әлемдік балет өнерінің классикасына айналған махаббат оқиғасы, бірінші маусымдағы айтулы тұсаукесерден кейін театрдың репертуарында өз орнын иеленген. Әлемге әйгілі хореограф, «Бордо» театры балеттік труппасы директорының классикалық қойылымы, С. Прокофьевтің тамаша музыкасына жазылған балеттік спектакльдегі бүкіл драматизм мен «асып-тасыған» құштарлықты айрықша жеткізеді. «Ромео мен Джульеттаның» сахнадағы шежіресі 1938 жылы Брно (Чехия) қаласындағы тұсаукесерінен бастау алады. Ш. Жюдтің қойылымы Рудольф Нуриевтің күрделі нұсқасына негізделген.
Елорда тұрғындары мен қонақтары, сахнаның итальяндық шеберлері Эцио Фриджерио мен Франко Скуарчапино әзірлеген әсем декорациялар мен әдемі костюмдердің арқасында ерлік істердің дәуіріне сапар шеге алады. Дирижерлық тізгінде – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов.
Аталған көрініс бойынша өткен ғасырдан бері әлемде, әдеби-музыкалық шығармаларды былай қойғанда, елуден астам фильм түсірілген екен және осы қызық жайт махаббат тақырыбының сарқылмас екенін білдірсе керек.
Шарль Жюд – «Бордо» театры балеттік труппасының директоры, Өнер және әдебиет орденінің кавалері (1990), Құрметті легион орденінің кавалері (1996).
Роман Михалев - «Бордо» театры балеттік труппасының жетекші солисті. Санкт-Петербордағы «Майя-98» Халықаралық конкурсының Үшінші сыйлық (1999), Будапешттегі Р. Нуриев атындағы Халықаралық балеттік конкурстың Бірінші сыйлық (2000), Балет әртістерінің IX халықаралық конкурсының Екінші сыйлық (2001) иегері.
Асығыңыз! Халықаралық фестивальға арнайы бағамен қойылған билеттер сатылымда, оларды online (BiletiAstana.kz, biletbar.kz), «Астана Опера» театрының және «Қазақстан» ОКЗ кассаларынан сатып алуға болады.
Сурет: Astana Opera
Дайындаған: Диана Мамытбекова