Сіздер әлемдегі ең үлкен театрдың Бейжің қаласында орналасқанынан хабардарсыздар. Ал әлемдегі ең кішкентай театр туралы естігендеріңіз бар ма? Иә, ондай да театр бар екен. Нағыз өнерсүйер адам үшін оның өнер көрсететін орнының көлемі маңызды рөл атқармайды. Австрияның Филах қаласында орналасқан әлемнің ең кішкентай театры осы сөзіміздің айғағы болса керек. Бұл театр Гиннестің рекордтар кітабына да еніп үлгерген. 8 ғана көрермен сыятын кішкентай театр «Кремль сарайы» деп аталады. Сахнасының көлемі 1,3х 1,3 метр ғана.
«Жыл сайын сахнада өзіміздің және өзге де театрлардың спектакльдерін, түрлі пьесалар мен балеттерді қоямыз. Сонымен қатар, музыкалық қойылымдар мен балаларға арналған көрсетілімдер, әдеби оқулар да сахнадан түспейді», - дейді театр директоры Феликс Штрассер. Театр 2009 жылы ашылған. Ең кішкентай театрдың шымылдығын түрген алғашқы қойылымы – Константин Паустовскийдің «Қар» шығармасының негізінде жазылған пьеса болатын. Одан кейін театр Александр Солженицынның шығармаларын сахналап жүрді. Театр көбіне қойылымдарды славян, неміс тілдерінде қояды. Бұл ең кішкентай театрдың өзіне тән ерекшелігі болса керек.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: liveinternet.ru, podrobnosti.ua