- Негізгі бет
- Театр
- Алан Бөрібаев: "Абай"...
Алан Бөрібаев: "Абай" операсы – әлемдік классиканың озық үлгісі
Биыл еліміздің музыкалық әлемі кемеңгер композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығын атап өтеді. Сазгерлердің туған күні құрметіне орай, 29 сәуірде және 17 шілдеде "Астана Операда" олардың бірлескен авторлығындағы ұлы "Абай" операсы сахналанады. Операның дирижері әрі музыкалық редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" театрының бас дирижері Алан Бөрібаев 29 сәуір Ахмет Жұбановтың туған күні қарсаңында өзінің аңызға айналған арғы атасы туралы баяндап берді.
- Ахмет Жұбанов туралы туысқандарымның әңгімесінен және оның музыкасы мен әдеби мұрасын тікелей зерделеуімнен білемін. Оның бейнесі балалық шағымнан бері көз алдымда. Ахмет Қуанұлының үлкен немересі – менің анам Шолпан Жұбанова ол жайында маған көп әңгімелейтін. Атам, академик, профессор Болат Жұбанов арғы бабам туралы көп естеліктер қалдырды, сонымен қатар қазіргі таңда композитордың кіші қызы, академик Ажар Жұбанова ол туралы сырларымен бөлісуде.
Ахмет Жұбанов – ғаламат дарын иесі. Оның жан-жақтылығы соншалық, мен оны Қайта жаңғыру дәуірінің ұлы тұлғасы Леонардо да Винчимен салыстырар едім. Жұбанов бұл тұрғыдан да әмбебап жан еді. Сөзсіз, ол – ұлы композитор, бірақ бұл оның дарынының бір қыры ғана. Оны Қазақстанның музыкалық мәдениетінің ұйымдастырушысы деп нық сеніммен атауға болады. Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін салушы, жетекшісі әрі дирижері, консерваторияның бірінші ресми ректоры, алғашқы музыкалық колледждің іргетасын қалаушы, Ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі, ол – музыкатанушы әрі зерттеуші, қазақ музыкасы туралы кітаптардың авторы. Ол – симфониялық оркестрдің дирижерлік тұғырына тұрған алғашқы қазақ дирижер. Бүгінгі таңда оның дарынының сирек айтылатын тағы бір тұсы – ол кітаптарды қазақ тіліне аударған. Мысалға, ол Паганини туралы кітапты аударған, алайда баспа үйі оны жоғалтып алған.
"Астана Опера" театрының Паганинидің отаны – Генуядағы (Италия) гастролі кезінде "Абай" операсына дирижерлік еткен кезде Жұбанов пен Паганинидің осынау көзге көрінбес байланысы туралы ойландым.
"Абай" операсының музыкасы шынайы әрі тебірентер күшке жететіні соншалық, түрлі ұлт тыңдаушыларын бей-жай қалдырмайды. Бірде Парижде операдан кейін маған көз жасына ерік берген бір тыңдаушы әйел келіп: "Бұл музыка мен туралы" деді.
Мен үшін "Абай" операсына дирижерлік ету – әркез іші-бауырымды елжіретіп, толқытатын сезім. Бұл – ғаламат туынды, ешқандай артық нота жоқ, ол әлемдік классикалық операның озық үлгісі болып табылады, - деп қорытындылады Алан Бөрібаев.
Абай партиясын әр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Азамат Жылтыркөзов (дебют) ұсынатынын атап өткен жөн. Ажардың бейнесін "Құрмет" орденінің иегері Айзада Қапонова пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова сомдайды. Абайдың шәкірті Айдардың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш пен Жан Тапин орындамақ. Әзімнің партиясын Бейімбет Таңарықов әзірлеуде. Жиреншенің партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев дебют жасайды, екінші күні бұл бейнені Талғат Ғалеев ұсынады. Қарлығаш – Татьяна Вицинская, Малика Минизини. Көкбай – Ержан Саипов. Сырттан – Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан (дебют). Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Хайдар Мұстапин.
Карантин кезінде театрға келу "Ashyq" қосымшасы арқылы жүзеге асырылатындығын еске саламыз.
Спектакльдердің басталуы сағат 19:00-де.
"Астана Опера" театрының баспасөз қызметі
Н. Үсенова