- Негізгі бет
- Театр
- Ақын және әнші...
Ақын және әнші қыз
27 наурыз – Халықаралық театр күні «Астана Операда» Дж. Пуччинидің әйгілі «Богема» операсының танымал қойылымы өтеді. Ерлер арасындағы бас партия – Рудольфтің рөлін атақты тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов, ал әнші Мюзеттаның рөлін театр солисті Галина Чеплаковаалғаш рет орындайды.
Рудольфтің сүйіктісі – тігінші Мимидің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, суретші Марсельді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Шонарды Евгений Чайников, Колленді Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Артур Қайыпқұлов сомдайды. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы режиссер – Ресейдің халық әртісі Юрий Александров.
Нұрлан Бекмұхамбетов «Астана Опера» сахнасында бірінші рет өнер көрсетпейді. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын ол А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсында Айдардың рөлін сомдаған. Оған дейін солист Мәскеудің ең үздік сахналық алаңдарында Дж. Пуччинидің опералық жауһарындағы Рудольфтің партиясын қойылымдар мен концерттерде табыспен орындады. Вокалист «Богема» қойылымына әріптестермен бірігіп жүргізілетін дайындық жұмыстары тез өтетінін, париждік богемалық жастардың XIX ғасырдағы шығармашылық рухын жеткізу оларға жеңіл түсетінін атап өтті.
- Рудольфтің бейнесі – кез келген тенор үшін вокалдың шыңы, бұл партияны көбі армандайды. Азғана уақыт ішінде сезімдер мен эмоциялар гаммасын жеткізу қажет. Бұл әнші үшін де және актер үшін де оңай талап емес! Дж. Пуччини өз музыкасында керемет құштарлықты айқын жеткізеді, ал менің мақсатым – мұның бәрін жүректен өткізіп, көрерменді кейіпкеріммен бірге жылатып, күлдіру, - деді Нұрлан Бекмұхамбетов.
Сопрано Галина Чеплакова аса көркем, назды, нәзік Мюзеттаның рөліндегі партияны алғаш рет орындайды. Кейіпкердің мінезі құштарлыққа толы вальс музыкасымен беріледі, күрделі ария вокалистке вокалдың бай сұлулығын көрсетуге мүмкіндік береді. Солист үшін көрерменге Мюзеттаның мінезінің тереңдігін, оның жан-дүниесіне жақын адамгершілігі мен рақымдылығын, оның сүйе білу қабілетін жеткізу маңызды.
– Марсель – оның бар ішкі сезімін оятатын жалғыз ғана жан. Батыл, кез келген өмір шарттарына қарсы тұра алатын, Марсельде жоқ байлықты талап ететін кейіпкерім өмірдің сән-салтанатымен молшылығынан бас тартпайтынын ашық айтады. Мюзеттаның өзіндік өмір сүру стилі бар, бәлкім мұны барлығы бірдей түсіне бермес. Бастысы – оның өмірге деген құштарлығын жеңілтектікпен шатастыруға болмайды, - дейді Галина Чеплакова.
Г. Берік