Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Райхан Қалиолдинаның мерейтойлық бенефис-кеші өтті.
Айтулы мерейтойға Райхан Нәбиолдақызы Қалиолдинаның өмірдегі және өнердегі достары, жанашырлары, жанкүйерлері мен әріптестері жиналды. Олардың арасында Досқан Жолжақсынов, Иран-Ғайып, Болат Әбліманов, Бақтияр Қожа, Нұржан Тутов, Есмұхан Обаев, Данагүл Темірсұлтанова сынды театр, өнер тарландары бар.
Бүгіндері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрында әртістер құрамының труппа жетекшісі болып та қызмет етіп жүрген Райхан Қалиолдина жастық шағында қазақ драматургиясының классигі Ғабит Мүсіреповтың өзінен бата алған. Ол "Ақан сері - Ақтоты" спектаклінің тұсаукесерінен кейін шымылдық сыртындағы жас актрисаға арнайы барып, "Ақтотының" қолынан қысып, маңдайынан иіскеп, "Нағыз менің Ақтоқтым" деген екен.
Театр саласындағы сара жолын Ақтоқты рөлінен бастаған Райхан апай бүгінде актерлардың, театрдың анасына айналып отыр. Ол өзінің өнердегі 30 жылдық тарихында: М.Әуезов «Алуа» - Жанар, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» – Ақтоқты, М.Байджиев «Ерте, ерте, ертеде» – Зылиха ханшайым, Ш.Айтматов «Желсіз түнде жарық ай» – Ұлжан, Н.Мирошниченко «Алау жалды арғымақ» – Оксана Орлик, Т.Минилун «Диляфруздың төрт күйеуі» - Диляфруз, Ә.Тауасаров «Сен жанбасаң» - Жанар, С.Балғабаев «Қыз 20-ға толғанда» – Жібек, Гаухар, «Ең әдемі келіншек» – Мадина, С.Сматаев «Зар заман» – Қолаң сұлу, Е.Аманшаев «1001-ші түн» – Якутат Аль-Кальб, Д.Исабеков «Ескерткіш операциясы» – миссис Чарльтон, У.Шекспир «Махаббат айдыны» – Ева, Б.Әлімжанов «Құдалық» – Құдаша, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Батсайы, «Рабиғаның махаббаты» – мұғалім, І.Жансүгіров «Исатай мен Махамбет» – Фатима, М.Әуезов «Ділдәнің зары» – келін, В.Омар «1001 күн»- Ана, Ф.Родари «Чипполлино және оның достары» - Асқабақ, М.Ахманов «Алдардың айласы» – сиыр, Е.Елубаев «Асар» – мекиен, Б.Мұқай «Шындық детекторы» – Сәния, Б.Жәкиев «Әке тағдыры» – Зура, Ғ.Мүсірепов «Ұлпан-Есеней» – Шынар, Ш.Мұртаза «Жетім бұрыш» – Сырға, С.Балғабаев «Жымбала, Мико және қасқыр» - Ботакөз, И.Вовнянко «Стриптизердің өлімі» – сот, Ханкелдин «Керемет» – Қамқа ханша, В.Алшынбаев «Керқұла атты Кендебай» – Айғаным, А.Островский «Адам аласы ішінде» – Машенька т.б. рөлдерді сомдаған.
Соңғы уақытта Р.Қалиолдина отандық киностудиялар түсірген бірнеше кинофильмдерге түсіп үлгерді. Ол киносүйер қауымға "Рэкетер" фильміндегі Ананың, "Ана жүрегі" фильміндегі Сәуленің, "Базарбаевтар отбасы" телехикаясындағы Айғанымның рөлі арқылы кең танымал.
Бенефис-кешті Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрының директоры Т.Теменов ашты. Райхан Қалиолдинаның өмірдегі, өнердегі ерекшеліктерін баса айтып, мерейтойымен құттықтаған режисер көпшілікті "жақсы актрисаның" өзі ойнайтын "Жақсы кісі" қойылымын тамашалауға шақырды.
Сахнаға шыққанына көп бола қоймаған қойылым көрермен көңілінен шықты десек артық айтқандық емес. Аз ғана уақытта бір отбасының ішкі асханасын көрсете білген туындының берері мол. Трагикомедиялық жанрдағы "Жақсы кісінің" қоюшы режисері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Хаджиев, спектакльдің авторы – Әкім Тарази.
"Жақсы кісі" қойылымынан кейін мерейтой иесін құттықтау үшін қонақтар сахнаға көтерілді.
Есмұхан Обаев, Досқан Жолжақсынов, Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрының, қуыршақ театрының әртістері, актрисаның туып-өскен жері Ақсу ауданынан келген арнайы уәкілдер ыстық лебіздерін білдірді.
Бенефис-кештің сахнасына Райхан Қалиолдинаның жары – Сүйіндіков Рүстем, ғұмырларын ұстаздық етуге арнаған әкесі – Нәби Атабайұлы және анасы – Нұралина Шара Шудабайқызы да көтерілді. Райхан Қалиолдинаның алғашқы рөлдерінің бірі - Ақтотымен бірге бір сахнада Ақанның рөлін сомдаған Д. Жолжақсынов ұлы көштің алдында келе жатқан актрисаға ақ тілектерін арнай отырып, театрдың "күйеу баласы", спортшы Рүстем Сүйіндіковке ерекше алғысын білдірді.
Өмір мен Өнер атты қос әлемді бір-бірінен бөле жармай, әдемі өрнек ете білген, ашық-жарқын, көркем мінезді талант иесі Райхан Қалиолдинаны біз де 50 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтаймыз. Алар асуыңыз бен бағындырар белесіңіз таусылмасын, Ақсудан шыққан ару қыз!
Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева