Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Францияның Авиньон қаласында өткен Festival dAvignon халықаралық театр фестиваліне қатысып келді. Әкемтеатр тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 34 жыл салып Франция еліндегі әлемнің үздік театр фестиваліне қатысып келген әртістерді театр ұжымы болып өткен апта соңында Алматы халықаралық әуежайынан салтанатты түрде күтіп алды. Өнер ұжымы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар күллі түркі халықтарының аңызына айналған Қорқыт ата тағдырынан сыр шертетін драматург Иран-Ғайыптың Қорқыттың көрі атты қойылымын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қалың көрерменге тарту етті. Мінекей, бір аптаға созылған бүкіләлемдік Францияда өтіп жатқан Авиньон фестивалінде сәтті түрде төрт күн ойнап, көрерменмен жалпы өнер, әлемдік театр жұлдыздарымен қауышып, Қазақстанның М.Әуезов театрының атынан барып, қатысып келдік. Бәрі ойдағыдан да жақсы болды десе де болады. Франция елі жақсылап қарсы алып, шығарып салды. Парижде, оның ар жағындағы Марсельде болдық. Жалпы фестиваль туралы көп айтуға болады. Ең бастысы бұл жерде тәжірибе алмасу болды. Әлемдік театрлар қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын және біздің театрдың деңгейін байқадық. Ең бастысы фестивальді абыроймен атқарып, елге жеттік! Бір тәуліктен аса жол жүрдік. Ұжыммен жүргеннен кейін жолдың алыстығы, ауырлығы сезілген жоқ. Әр шетелден келген сайын еліміздің кеңдігі байқалады. Қазақстанға бірнеше Франция сыйып кетеді деп бекер айтпайды екен. Кең байтақ жеріміз, еліміз аман болсын! Өнерімізді паш етуіміздің ең бірінші себебі елімізді, жерімізді таныту. Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында, осындай бізге үлкен мүмкіндік беріп, қолтығымыздан демеп жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған Мәдениет және спорт министрлігіне үлкен ұжымның атынан алғысымызды білдіреміз, дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Дулыға Ақмолда Досмұхаммедұлы. Авиньон халықаралық театр фестивалінің үшінші күні М.Əуезов театрының ұжымы Литваның және КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал режиссер Йонас Вайткустің сахналауымен Қорқыттың көрі қойылымын ұсынды. Фестивальге əлемнің түкпір-түкпірінен келген үш мыңға жуық театр ұжымдары өнер көрсетті. Фестивальдің өзіндік ерекшелігі де бар екен. Фестивальге қатысушы театрлар өнерлерін, спектакльді қала көшелерінде шеруге шығып жарнамалайды екен. Билеттер мен афишаларды таратады. Спектакльді қояр алдында М.Əуезов театрының актерлері гриммен Авиньон көшесімен жүріп, Сақ, Ғұн дəуірін, шамандық дəстүрдің сипатын еске түсіріп, қала тұрғындарына қазақ жерінен келгенін айтты. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері театрымыздың актері Бекжан Асаубайұлы Тұрысфейсбук парақшасына Франция еліне барған әсері туралы жазды: Елбасы мәдениетіміздің озық үлгілерінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуы мен бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық деңгейге сай келуі аса маңызды екенін, мәдениет арқылы ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын айқындауға болатынын айтқан еді. Кез келген ұлттың өнері өзінің ұлты үшін керек. Ұлы өнерін әлемге паш ету үшін кез келген ұлт, ең алдымен, өзі талпыныс жасағаны жөн. Осы орайда Франция жерінде өтіп жатқан дүниежүзілік театр фестиваліне үш мың театр қатысыпжатқандықтан Авиньонды Театр фестивалі қаласы деуге әбден лайық. Шағын қала осы фестивальді өткізу арқылы өзін-өзі асырап отыр. Ғұн, сақ дәуірін еске алып, тәңіршілдіктің белгісіндей болған шамандық дәстүрді, екінші жағынан, там-тұмдап бақсылық өнердің сипатын көрсетіп, қала тұрғындарын өзімізге қарата алған сияқтымыз. Қазақ жерінен келгенімізді айтып, жер бетінде қазақ деген ұлт бар екенін шама-шарқымызша xабардар етіп жүрдік. Француздар өзге тілде сөйлеуге құштар xалық емес, яғни өз тілін аса құрметтейтін ұлт. Осы елдегі фестивальге қатысуымыз әлемдік доп додасының жарысымен тұспа-тұс келгені де тегін емес шығар. Жақсы қонақ келсе құт, жаман қонақ келсе жұт демеуші ме еді, өзім әу бастан жанкүйер болып келе жатқан командам жеңіске жетті. Франциялықтардың жеңісті қалай тойлағанын сол елде көрдім. Бір ұлттың мерейін асырған осы жеңіс сол ұлттың руxын аспандатты. Көшедегі әр адамның көзіндегі қуанышты көріп көңілім өсті. Бұл елде тек бір ғана ұлт мерейін өсіретін жағдайда көліктердің дабылқаққыштарын іске қосады екен. Көліктер серенадасынан құлақ тұнған сәтте қашан менің елімді жұдырықтай жұмылдырып, осылай қуантатын уақыт туады деген ой келді. Бойымды билеген қуанышты сәт бір демде кеңсірігімді ашытып, кеудемді өксікке толтырды. Жаратқан соған жеткізе гөр! деп тіледім! Еске сала кетейік, әкемтеатры 1984 жылы Францияның Нанси қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне Ә.Мәмбетовтың Қозы Көрпеш-Баян сұлу спектаклімен қатысқан болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 34 жыл салып, әлемнің үздік театр фестиваліне өнер ұжымы орталық Азиядан тұңғыш рет аталған фестивальге қатысып келді.