2018 жылдың 11, 12, 13-ші қазанында сағат 18:30-да Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтпек. 93-ші театр маусымының алғашқы премьерасы Шерхан Мұртазаның аудармасындағы, Шыңғыс Айтматовтың Ғасырдан да ұзақ күн драмалық қойылымы. Қойылым кейіпкері қарапайым теміржолшы Едіге өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізіскен қарт досы Қазанғапты оның аманаты бойынша Ана бейітке жерлемекші. Аса жауапты да имани бұл сапарында ол жеке адамдардан бастап тұтас бір мемлекеттік жүйенің қарсылығына тап келеді. Ата-баба сүйегі жатқан киелі жер бүгінде ғарыш айлағына тиесілі, онда өтуге рұқсат жоқ екен. Тарихи жадысынан айырылған жеке адам да, жүйе де мәңгүртке айналады. Ал, оларға қарсы жасампаз күш қандай қиындықта да адамдығын жоғалтпаған, ата-баба дәстүріне, тіліне, діліне адал Едіге. Едігелер өмірдің тірегі. Жас режиссер Дина Жұмабаеваның режиссурасымен қойылады.