- Негізгі бет
- Театр
- Әкемтеатрда "Қар қызы"...
Әкемтеатрда "Қар қызы" қойылымының премьерасы өтеді
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. 12-13 желтоқсан күндері көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесінің желісі бойынша қойылған, режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың "Қар қызы" спектаклінің премьерасы болады.
Премьера қарсаңында журналистерге арналған баспасөз конференциясы өтеді. Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қалалық әкімшілік және театрдың ұйымдастыруымен Оралхан Бөкейге арналған галлерея және театрымыздың "Музей" бөлімінің ұйымдастыруымен "Қар қызы" спектаклінде ойнайтын артистердің галлереясы көрерменге ұсынылады.Сонымен қатар, "Сырласу" бұрышында ақын, драматург, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Бауыржан Момышұлы атындағы қызыл жұлдыз" орденінің иегері Бақыт Беделханмен поэзия кешінің форматында сыр-сұхбат өтеді.
"Қар қызы" қойылымының сипаттамасы:
Спектакль көрнекті жазушы-драматург О.Бөкейдің "Қар қызы" повесінің сахналық нұсқасы бойынша қойылды. Қыс ортасында мал азығы таусылып, трактормен алыстан шөп әкелуге шыққан үш жас жігіт ақ қар, көк мұзды тау арасында жолдан адасады. Айнала аппақ әлем, үскірік аяз. Үсіп өлу қаупі туған кейіпкерлер үшін өмір мен өлімнің арпалысы басталып, олардың шынайы болмыстары да ашыла түседі.Осы бір қиын сапардың басындаолар Қоңқайға, ал, соңында "...Қоңқай зәлім жеңбесін деп Айыртауда отырған.." Сиыршы шалға жолығуы бекер емес. Әлемде жамандық жайлап кетпеуі үшін оған жақсылық қарсы тұрады. Өмірдің ұлы тепе-теңдік заңдарының бірі осы болса керек...
Қойылымға арқау болған шығарма туралы бірер сөз
Оралхан Бөкейдің адам – жұмбақ, ғалам – жұмбақтың тереңіне үңілген ізденісін танытатын шығармасының бірі – "Қар қызы" повесі.
"Қар қызы" повесінің алғашқы нұсқасы 1977 жылы жазылып, кейін қайта өңделіп, 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енді. Орыс тіліне аударылу барысында мүлдем қайта жазылып, соны оқиғалар мен жаңа кейіпкерлер қосылған да, айтылар ой түп қазығын тауып, авторлық концепция анықтала түскен. Жазушы повесте табиғатты негізгі фон ретінде ала отырып, оның құпия-сырларымен бірге адам жан сырының қалтарыстарын ашуға ұмтылады. Шығарма сюжетінде, қыс ортасында мал азығы таусылып қалады да, үш жігіт (Нұржан, Бақытжан, Аманжан) ауылдан алыс, ақ қар, көк мұзды тау арасынан трактормен шөп әкелуге шығады. Бір-бірінен айнымайтын тау шоқыларының арасында жолдан адасып, 40 градус суықта қардың тұтқынында қалады. Шөптен бұрын өздерінің үсіп өлу қаупі туады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің күресі басталады. Міне, осы кезде кімнің кім екені танылып, адамға тән жақсылы-жаманды әртүрлі қасиеттер ашыла бастайды. Автор мұны бірден жарқыратып жайып тастамай, біртіндеп жеткізіп отырады. Осылайша сюжет кезегімен шым-шытырық жалғаса береді.
А. Оралқызы