- Негізгі бет
- Театр
- Әкемтеатрда "Анна Каренина"...
Әкемтеатрда "Анна Каренина" қойылды
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Театрдың 93-ші маусымының кезекті премьерасы – Қазақстанның халық артисі, профессор – Есмұхан Обаев режиссерлік еткен, Асхат Маемировтың аудармасындағы, Лев Толстойдың «Анна Каренина» қойылымы.
Басты рөлді, яғни Анна Каренинаның рөлін талантты актриса, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина өз деңгейінде жеткізсе, жұбайы Алексей Карениннің рөлін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай сомдады. Ал Аннаның сүйіктісі Алексей Вронскийдің рөлінде талантты жас актер Нұрғиса Қуанышбайұлы ойнады.
Сахнадағы Әкемтеатрға лайықталған барқыт көйлектер және барлық декорация бір-бірімен керемет үйлесімде болуы – қоюшы-суретші Ерлан Тұяқовтың еңбегі.
Расында да бұл қойылым өткен өмірі де, болашағы да бұлыңғыр әйел тағдырын әсерлі бейнелейді... Мистикалық фигура, тылсым кейіпкер спектакльде айқын сезіледі... Өзімен өзі арпалысқа түскен Анна Каренинаның бейнесі көрермендердің көз алдында сақталды... Ол Вронскийді сүйе ме? Каренинге жаны қас па? Оған ұрпақ керек пе? Шет-шегі жоқ сауалдардың жауабын көрерменнен сұрайтындай әсер қалдырғанын жасыра алмаймыз...
Бұл махаббат хикаясы да емес, Каренинаның жанайқайы. Жекелік те, жалпылық та сипаты бар бұл трагедияны көруге келген көрермен қауымның ерекше әсермен шығып келе жатқандығын көз көрді. Әлемге танымал туындының бұл сахналық нұсқасы әйелдің тылсым жанына ғана емес, жұбайлар жұмбағы, ана мен бала, достық пен сатқындық, махаббат пен өшпенділік сынды ұғымдарға терең бойлауға мүмкіндік береді.
Шын мәнісінде, «Анна Каренина» – классика! Өткен ғасырларда жазылғанымен, әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.
А. Оралқызы