2-қазан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа 93-ші маусымының ашылуына байланысты баспасөз маслихаты өтті. Жиынға КСРОжәне Қазақстанның Халық артисі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі Сәбит Оразбай, Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директорыАсхат Маемировқатысып, театрдың 92-маусымына қорытынды жасай келе, қара шаңырақтың соңғы жаңалықтары және алдағы жоспарларымен бөлісті. Есмұхан Обаев: Жаңалығымыз көп. Көркемдік жетекші жаңа. Директорымыз жаңа. Жаңаша бір өзгерістер мен жаңаша қойылымдар болады. Театрлармен байланыс күшейді. Бізге еліміздің әр облысынан театрлар гострольдік сапармен келіп, біз де Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып қойылымдар қоюдамыз. Театрдан алыстап кеткен көрермен жоқ. Біздің театрда ондай проблема да жоқ. Қазір қойылымға кіргенде көз жеткізерсіздер. Біздің театр мойындалған театр. Жасыма қарамай, жастармен отырып әңгімелесіп, тәжірибе бөлісіп, әлі күнге театр тынысынан қалыс қалмауға тырысамын. Біздің театр өзіндік қалыптасқан мектебі бар құттыхана мешіт сияқты театр. Театр өнерінің ақсақалдары А.Әшімов, С.Оразбай, Е.Обаев мөлдір-тұнық театр өнерінің қасиетін жиналған қауымға жеткізе отырып, маусым ашылуына орай ақпараттық қолдау көрсетуге жиылған журналистерге алғысын айтып, жылы лебіздерін білдірді. Асхат Маемиров: Бүгін ашылу салтанаты өзгерек. Театрды сүйетін баршаңызды маусымның ашылу мерекесімін шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта қара шаңырағымызда түрлі жаңа спектакльдердің тұсаукесерлері өтпек. Соның ең алғашқысы 11, 12, 13 қазан күндері болатын, Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтың Ғасырдан да ұзақ күн қойылымы. Театр өз көрермендерін сағынды. Ғасырға жуық тарихы бар Әкемтеатрдың 93-маусымы бүгіннен бастап ашық. Келіңіздер. Біз Сіздерді күтеміз. Сондай-ақ, шара барысында Асхат Маемиров Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алыптар шоғыры қанаттанған драма театрдың ұжымына арналған құттықтау хатын жеткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты театрдың алдында маусым ашылуына орайластырылған шағын мерекелік концерт пен артистердің қызыл кілемнен өту салтанатына ұласты. Ал сағат 18.30-да жаңа маусым шымылдығы театрдың мызғымас дәстүрі бойынша, Мұхтар Әуезовтің Абай трагедиясымен ашылды. Бұл ғасырға жуық уақыт бойы қалыптасып, даму үстіндегі театрдың академиялық деңгейін, режиссуралық көркемдік биіктігін, актерлер ойынының асқан шеберлігінің көрсеткіші. Ал, режиссер Е.Обаевтың сахналауымен қойылатын Абай трагедиясы ұлы ойшылдың өмірі, болмысы, бұрынғы және қазіргі қазақ қоғамындағы Абай айтқан мәселелердің ұлы ақынның жаңашылдық, ағартушылық бағытындағы терең ойларымен астасып, көрерменін Абай әлеміне жетелейді. Алғаш рет Асқар Тоқпанов сахналаған Абай трагедиясы театрда 1940 жылдан бері жүріп келеді. Еске сала кетейік, 93-ші театр маусымының алғашқы премьерасы Шыңғыс Айтматовтың Ғасырдан да ұзақ күн спектаклі қазан айының 11,12,13 күндері өз көрермендеріне жол тартады. Гүлім Рысқұл