"Ақтастағы Ахико" спектаклі театрға алғаш келген қауымды болашақта театр гардеробына киім іліп, телефонды дауыссыз режимге қойып, театрда деген хэштегпен инстаграмға сурет салуға себепкер ететін өте әсерлі шығарма. Қазақ өнерінің нағыз майталмандары бір сахнада өнер көрсетіп, кезек-кезек диалогтармен алмасып, алмас қылыштай жарқырып тұрғандары көрерменнің театрға деген ынтасын арттыра түседі. Мұндағы оқиғалар, жапон баласының жастайынан көрген қиын өмірі және қазақ зиялыларының сол тұстағы азапты тағдырымен байланысты.
Самурайлар елінде қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген Ахико 15 жасында Кеңес Одағының тұтқынына айналады. «Жапон тыңшысы» деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған басты кейіпкер Қарлаг түзету лагеріне жөнелтіледі. Бұдан арғы тіршілік, Қарағандының аумағына қара бұлтты үйіріп тұрған лагердегі азапты өмірмен жалғасады. Алаш зиялылары Ахмет, Мағжанның бейнелерін, Сәкеннің әкесі Сейфолла және Сәдуақас сынды тау тұлғалардың бұл зындандағы өмірін өте әсерлі көрсеткен. Ал, Ақайдың Қасені есімді ақсақалдың бұл шығармадан орын табуы спектакльді одан әрмен қызықты әрі шытырман оқиғалармен толықтырды. Бұл уақытқа дейін бірнеше жыл бұрын атылып кеткен аталмыш кейіпкер жасып қалған қазақ рухын көтеру үшін пайда болған рух сияқты. Олай дейтініміз, Степан есімді баскесерден қаймығатын камерадағы қазақтар ақсақалдың келісімен барлығы бірігіп сол атаманнан азат болады. Барлық қазақ ұлтты азаматтардың басын қосып, жалынды сөздерімен жасып қалған өрімдей жап-жас қазақ азаматтарының рухын көтерген кейіпкер сол оқиғадан кейін із көрсетпей жоқ боп кетеді.
Ахико Тецуро есімді жапон баласының рөлін кәсіби деңгейде сомдаған – Дулыға Ақмолда. Қарлагтан босаған уақытында жасы 25-те, салмағы 24 келі болған қаңбақтай Ахико денсаулығына байланысты тағдырының тауқыметінен құтылмайды. Қуанышына орай, тұрмысы төмен болса да бауырмашылдығы жоғары қазақ отбасының қамқорлығын көріп, төбесін қара бұлт басқан қараңғы қапастан әйтеуір босап шығады. Гүлбаршын әжейдің қамқорлығында жүріп, дәл өзіндей тағдырлас өзге ұлттың ұландарымен бірден тіл табысады. Қазақтың нағыз бауырмашылдығы, мейірбандығы мен қамқоршылдығының иісі бір Гүлбаршын әжейдің рөлінен-ақ мүңкіп тұр.
Ахиконың қапастан кейінгі өмірінің ең негізгі оқиғасы спектакльдің соңғы бөлімінде көрсетіледі. Қазақтың қандай ұлы халық екенін дәлелдейтін бөлімді көргіңіз келсе, театр үйіне қарай асығыңыз. Рухани азық, адамдығыңыз бен адамгершілігіңіздің кем тұстарын түзейтін өмірлік тәрбие құралы. Театр маусымында ішкі жан дүниеңізді көркемдеп, біліміңізді тарихи оқиғалармен толықтырғыңыз келсе мына мекен-жайдың тұрақты қонағы болыңыз: Абай даңғылы 103. Бұл – театрға апарар жол.
Дайындаған: Аслан Қажиев