- Негізгі бет
- Театр
- II Дүниежүзілік театр...
II Дүниежүзілік театр фестивалінің шымылдығы салтанатты түрде ашылды
Елордада «Астана» II Дүниежүзілік театр фестивалі салтанатты түрде ашылды.
Бұл ауқымды жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан театрлары қауымдастығы және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы өткізуде. Астанамыздың 20 жылдығына арналып отыр. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен салтанатты ашылу рәсімі әлем театрлары ұжымдарының қызыл кілеммен өтуінен басталды. Шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты.
Шараның ашылуына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фестиваль театр өнерінің заманауи қалпын және даму үрдісін жақсы түсінуге көмектесетінін атап өтті. Министр фестивальдің қатысушыларына жемісті еңбек пен шығармашылық серпіліс тілеп, қонақтар мен көрермендерге табыс тіледі.
Қонақтар мен көрермендер назарына «Наз» мемлекеттік театрының орындауындағы «Шашу» хореографиялық композициясы, «Номад» этнофольклорлық ансамблінің «Мәңгілік ел» музыкалық композициясы ұсынылды. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Абай» қойылымынан үзінді қойды. А.Ниязова, С.Байғожин, М.Баспаева, Т.Гатауов сынды Мемлекеттік академиялық опера балет театрының солистері өнер көрсетті. Ал концертті «Астана мюзикл» мемлекеттік театры «Жайна, Астана!» музыкалық-хореографиялық композициямен қорытындылады. Фестивальдің ашылу салтанатын Берік Айтжанов, Елизавета Букова, Жанель Макажан және Марат Айтымбай жүргізді.
Бұл шарада Астана тұрғындары мен қала қонақтары тек отандық театр ұжымдарын ғана емес, сонымен қатар әлемдік театр труппаларының өнерін тамашалай алады. Себебі фестиваль аясында қаламыздың мерекесімен құттықтау үшін Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Германия, Грузия, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен театрлар келді. 13 елден келген 17 театр ұжымы 18 қойылым ұсынатын болады.
Кеш Холл Энергия сахнасында Италияның атақты «Piccolo Teatro di Milano» театрының қойылымымен жалғасты. Милан театры «Arlecchino servitore de du padroni» («Екі мырзаға бір қызметші») комедиясын сахналады. Дәл осы қойылым - «Piccolo Teatro di Milano» театрының басты спектаклі және әлемдік сахналарының алтын қорына жатады. Театрдың негізін ХХ ғасырдың атақты режиссері Джорджо Стрелер қалап, соның арқасында танымал болған. Қойылымның премьерасы 1947 жылы өткен. Бүгінгі күнге дейін спектакль 40 мемлекетте 2500 рет қойылып, Гиннес рекордтар кітабына енген. Айта кетейік, фестивальдің салтанатты ашылуы ерекше көңіл-күй сыйлап, 28 маусымға дейін созылатын театр мерекесін сезінуге мүмкіндік берді.
А. Оралқызы