- Негізгі бет
- Театр
- Ұлт театрының ұлтанын...
Ұлт театрының ұлтанын шегелеп кеткен адам
Қазақтың ұлттық кәсіби театры дегенде, биыл туғанына 125 жыл толатын Жұмат Шанинның аты алдымен аузымызға түседі. 1926 жылы сол кездегі ел астанасы Қызылордада ұйымдасқан қазақ театрының директоры, әрі көркемдік жетекшісі болып барған Ж.Шанин жайлы белгілі театртанушы Бағыбек Құндақбаев: «Ел арасынан шыққан өнер шеберлері Еуропа үлгісіндегі театр өнерін жасап, көруші қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Солай болғанмен де, оларға өз бетімен, өздерінің күшімен театр жұмысын кәсіби жолға қою аса қиындыққа соқты. ...Театрдың дамуы фольклорлық, этнографиялық және халықтық өнер аясымен ғана шектелуі мүмкін емес. Ондай өнердің өресі тар, ғұмыры қысқа болмақ. Жаңа ұйымдасқан жас ұжым театр өнерін жетік білетін ұйымдастырушыға мұқтаж болатын. Ондай көркемдік жетекшілікке – Жұмат Шанин сай келді» – деп жазады.
Бір қызығы, жаңа ұжымға жетекші болып барған Шанин Ресейде немесе Еуропа жерінде театр өнері жайлы аранулы білім алған адам емес. Бар бітірген оқуы – Омбыдағы бір жылдық бухгалтерлер курсы ғана. Бірақ бойға біткен тума алғырлық пен зерделілік, білім мен еңбектің арқасында тұтас бір ұлттың театр өнерінің негізін қалап кеткен.
Кіндік қаны Баянаула жерінде тамды десек те, Шанинның барлық шығармашылық, қайраткерлік ғұмыры елден тысқары жерде өтеді. Ресми ғұмырбаянында 1892 жылы Желтау деген жерде дүниеге келген деп жазылған. Бұл жер қазір Баянауыл ауданындағы Күркелі ауылдық округінің аумағында. Күркеліден оңтүстікке қарай жүрсеңіз, 14-15 шақырымнан соң Ғабит Мүсірепов жазатын белгілі Қос шалқарға тірелесіз. Осы Қос шалқардың қарсысында, Желтаудың күнгей бетінде Жұматтың атасы Шананың қыстауының орны жатыр. Бұл жер әлі де солай аталады. Одан әрі отыз шақырымдай жерде аты шулы Қоянды жермеңкесінің орны бар. Ж. Шанинның өмірі мен шығармашылығы жайлы «Талант тағдыры» атты кітап жазған Рымғали Нұрғалиев жас Жұматтың өнерге ғашық болуына алғаш әсер еткен осы Қоянды жәрмеңкесі еді деп жазады.
Бір ғажабы, Желтау, Сарытау өңірінде дүниеге келген жақсылар жалғыз Жұматпен шектелмейді. Осы төңіректе Павлодар уездік Алаш комитеті төрағасының орынбасары болған Ахметолла Барлыбаев, бұл күнде аты ұмытылуға айналған ұлт зиялысы Сәлемхат Күленов, қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым Мерғалым Қадылбековтер туған. Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеровтың атажұрты да осы Сарытауда. Бұлардың барлығы да зұлматты заманның құрбаны болғандар...
Қайсыбір жылдары Семейдегі облыстық мұрағаттан мынадай бір құжат тауып алған едік. Онда былай дейді: «Список гараждан расстрелянных по приговору выездной сессий Военной коллегий Верховного суда СССР в феврале-марте 1938 года в городе Алма-Ате.
26 февраля:
1.Жансугуров Илияс
2.Куленов Салемхат
3.Шанин Жұмат
27 февраля:
4.Қадылбеков Мерғалым
28 февраля:
5.Тоганбаев Карткожа (Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романының кейіпкері).
Өнер мен білімге ғашық Жұмат 1913 жылы сол кездегі қазақ зиялылары бас қосқан Омбыға барып, алғаш рет театр өнерімен таныс болады. Сондағы қазақ жастарының ойын-сауық кештеріне қатысып, «Бірлік» ұйымының жұмысына араласады. Зауытта жұмыс істей жүріп, мұғалім жалдап, өз бетінше білім алады. Сөйтіп жүргенде Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскердің қара жұмысына алынған Жұмат оның да азабын бір кісідей бастан өткеріп, тек февраль төңкерісінен кейін ғана елге оралыпты. Жұматтың осыдан соңғы өмірі тек мемлекеттік қызмет, сосын театр өнерімен ғана байланысты. Зайсанға уездік атқару комитетінің төрағасы болып барған ол тек қызметтің шеңберінде ғана қалып қоймай, жергілікті ақын-жыраулармен жақын араласып, олардан «Арқалық батыр» дастынан жазып алып, кейін осының негізінде күрделі дарама жазады. Семейдегі «Ес-аймақ» театр труппасын басқарады. Бұның бәрі айта берсек, таусылмайтын әңгіме. Жұматтың ұлт театрын қалыптастырудағы еңбегі тек спектакльдер қоюмен ғана шектелмейді. Ол шын мәнінде ұлттық тетардың іргетасын қалап кеткен адам. Шет ел және орыс классиктерінің еңбектерін аударып, қазақ көрерменіне таныстыру, театрдың ішкі-сыртқы жұмысын тәртіпке келтіру, әртістерді кәсіби деңгейде тәрбиелеу, оқыту, бір сөзбен айтсақ, әлі де қазақ тұрмысына сіңісті болмаған тетар өнерін қалыптастыруда сіңірген еңбегі айтып жеткіліксіз.
Ж.Шанинның өмірі мен шығармашылығы жайлы ара-тұра жазылып жүргендіктен, оны қайталамай-ақ қоялық дедік. Ең бастысы, өнер саңлағы бүгінде атаусыз қалып жатқан жоқ. Шымкетте өзінің атында облыстық драма театры бар. Мерейтойлары да еске алынып жатады. Біздің айтайын дегеніміз мынау еді: Баянаула жерінен кімдер шықты дегенде, сал-құлаш тізімінің ішінде Жұмат Шанинның да аты-жөні жүреді. Бірақ Баян жерінде Жұматты еске саларлық бір белгінің жоқтығы еріксіз ойға қалдырады.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған соң, ел іші кәдімгідей дүрлігісіп, атаусыз қалған жақсыларына елдімекендердің аттарын бере бастаған. 1993 жылы бұрынғы «Южный» совхозына да Жұмат Шанинның есімі беріледі. Бірақ, неге екені белгісіз, аз уақыттан соң ауыл атауы Күркелі болып өзгеріп кеткен. Себебін сұрасақ, сол баяғы қазақы салғырттық, құжаттары дұрыс болмаған екен дейді. Дәл осындай себеппен Жүсіпбек Аймауытовтың аты берілген Жосалы ауылы да кейін Жуантөбе болып өзгеріп кеткенін бұрындары жазғамыз. Сол жылдары Жаяу Мұсаның аты берілген ауыл да қазір басқаша, Жаңатілек боп аталады.
Бір қызығы, Күркеліге кіре берісте «Жұмат Шанин ауылы» деген үлкен жазу тұр. Бірақ ресми құжатта ауыл атауы – Күркелі. Тағы бір айта кететін жайт, ауылдың орны ерте заманда Қапар деген дәулетті адамның қонысы болған екен-мыс. Естуімізше, ауыл адамдарының бір тобы елдімекенге осы Қапардың есімін бергісі келетін көрінеді. Тіпті, әжептәуір дау-дамай да туындағанға ұқсайды. Ол ол ма, кейбіреулер Жүсіпбек Аймауытовқа ескіше хат танытқан осы Қапар екен деген сөз таратып жіберіпті. Бірақ бұның барлығы негізсіз дерек. Жүсіпбекті оқытқан Қапар Орманбасұлы деген адамның сүйегі Ерейментау ауданының Ажы ауылында жатыр. Ал, енді Күркелі жерін мекендеген Қапар жөніне келсек, ол да өз заманында дәулетті, сыйлы адамы болған шығар. Бірақ Жұмат деген бір ұлттың мақтанышы ғой, екеуін еш салыстыруға келмейді. Сондықтан ауыл адамдары ақылға келіп, 125 жылдық мерейтойының қарсаңында біртуар тұлғаның есімін қайтадан жаңғыртып, ауылға беретін шығар деп ойлаймыз. Себебі, Баян жерінде туылды дегесін, Жұмат Шанинның есімін еске салатын бір белгі керек қой.
Сайлау Байбосын, Баянауыл. Ұлт порталы
А. Оралқызы