Астаналық көрерменді тәнті еткен «Барокко» залы тағы есігін айқара ашып, 15 наурызда тыңдарманға «Ерекше үндестік» атты жарқын бағдарлама ұсынады. Көктемнің осы бір тамаша кешінде көрерменді керемет дуэттер легі, музыкалық тосынсыйлар мен басқа да көптеген қызықтар күтеді. Дирижерлік тізгінде – Руслан Баймурзин.
Барокко музыкасы Қайта өрлеу дәуірінің соңында, классицизм музыкасының алдында пайда болды. Ол кезде жаңа стильдер бой көтерген еді. Көптеген маңызды музыкалық формалар: концерт, соната, опера осы кезеңнен бастау алады. Олар қазір де маңызын жоғалтқан жоқ.
Бағдарламада Г.Ф.Гендель, И.С.Бах, Г. К.Вагензель, Я.И.Бенд, Т.Стивенс, Карл Диттерс фон Диттерсдорф, Джованни Боттезинидің шығармалары орындалады.
– «Музыкалық қонақжай» циклінің концерті – барокко музыкасын насихаттайтын жақсы дәстүр. Бағдарламада әйгілі шығармалармен бірге, сирек орындалатын қызық туындылар ұсынылады, кейбір опустар алғаш рет орындалады, яғни ұмытылған шығармалар қайта жаңғырады. Көрермен назарына арфа, туба, тромбон, альт сияқты оркестрмен жеке орындауда сирек ойналатын аспаптар ұсынылады. Сонымен қатар, концертімізге контрабас пен кларнет, гобойлар дуэті және басқа көптеген дуэттер қатысады. Г.Ф.Гендельдің оркестрмен арфаға арналған концерті бастапқыда орган мен оркестрге арналып жазылған, кейін клавесинге, содан соң арфаға қайта түсірілді. Меніңше, дәл осы арфа ғана бұл шығарманың бар әсемдігі мен көркемдігін жеткізе алады, – деді дирижер Руслан Баймурзин.
Кеште сахнаға жарқырап шығатын «Астана Опера» оркестрінің әртістері: Қаламқас Жұмабаева (скрипка), Біржан Өтеулиев (альт), Сәбит Дайыров (контрабас), Нұрлан Двесов (контрабас), Дәмиля Мәхпірова (гобой), Рахметәлі Бекбабаев (гобой), Нұртөлеген Базарбаев (кларнет), Фархат Болатов (альт-тромбон), Александр Малиновский (туба), Любовь Ткаченко (арфа), Гауһар Таспергенова (орган/фортепиано), сонымен қатар, оркестр әртістері мен опералық труппа солисі меццо-сопрано Татьяна Вицинская. Концертке «Астана Опера» Камералық оркестрі қатысады.