Әйгілі итальялық режиссер Лоренцо Амато опера классикасының ең танымал туындыларының бірі - Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» спектаклін қоюға бел буды. Тұсаукесер «Астан Опера» театрының Үлкен залында 15, 16 және 17сәуірде өтеді.
Қойылымның музыкалық жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты маэстро Алан Бөрібаев, қоюшы суретші – заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио (Италия), костюм суретшісі – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино (Италия), жарық суретшісі – Винченцо Рапони (Италия), бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Аталған операның Ла Скала сахнасында өткен әлемдік тұсаукесеріне 112 жыл болды. Мадам Баттерфляй деп аталып кеткен Чио-Чио-санның тарихын біз жақсы білеміз: америкалық лейтенантқа ғашық болған және оған көптен күткен ұл сыйлаған он бес жасар жапондық гейша, сүйіктісінің оған жасаған опасыздығын білгеннен кейін өзіне-өзі қол жұмсайды. Сыншылар өз дәстүрінен бас тартқан және соңында одан отбасы мен халқы бас тартқан қызды бүлікші деп атады.
Режиссер Лоренцо Амато «Мадам Баттерфляй» сияқты жауһар туындының жасы болмайды, музыканың қуаты мен драматургия уақыттан тыс қалады десе де, қойылым құрамы нақты дәуір: XX ғасырдың 40-жылдардағы америкалық және жапондық мәдениет арасындағы қайшылықтың тым шиеленіскен кезін сипаттап шығаруды шешті.
- Чио-Чио-сан хикаясы бірінші кезекте, әйел затының драмасы– шын мәнінде болмаған махаббатпен көзі байланған жан туралы қайғылы оқиға дер едім. Мадам Баттерфляй әйел мен ана рөліне түбегейлі ену үшін, өз мәдениетінен, дәстүрінен, дінінен, отбасынан бас тартып, өзін-өзі жоғалтады. Тек жапондық дәстүр бойынша өлім құшу арқылы ғана өзінқайта жандандырып, түпкі тамыры мен құндылығына оралады. Мен үшін оның бұл қадамы бір жағынан аянышты, екінші жағынан үлкен құрметпен ұштасады.
Қоюшы режиссер Баттерфляйдің соңғы қадамын,өзболмысын қалпына келтіруге және ұлының болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген шарасыздықтан туған бірден-бір шешім деп атап өтті. Режиссердің айтуынша, басты кейіпкер Пинкертон – арсыз, дөрекі және жәбірлеуші, себебі қайғылы оқиға соның кесірінен туды.
- Сонымен қатар көрерменнің операдағы салт-дәстүрге қатысты жағын көре білгені маңызды. Мен үшін «Мадам Баттерфляй» ұзақ рәсімді қамтиды: неке қию рәсімінен басталып, күту рәсімімен жалғасып, өлім рәсімімен аяқталады, - деп түсіндірді Лоренцо Амато.
Спектакль психологиялық мизансценалар мен әртістердің еліктіріп әкететін драмалық ойындарына қанық. Безендіру жұмысымен жұлдызды құрам айналысатындықтан, өте тамаша қойылым болатыны сөзсіз. Суретші Эцио Фриджерио сценографияны таза жапон нақышында әзірледі. Дәстүрлі үйлер – ағаштан, бамбуктан жасалған минкалар, ал үй іші сакура бұтақтарымен және суреттермен безендірілген.
Франка Скуарчапино қойылымның костюмдерін: ашық түсті кимоно, оби (белдіктер), гэта (орындыққа ұқсаған, екі аяққа бірдей келе беретін жапон ағаш аяқкиімі) дайындады. Жақын күндері бұл киімдерді қазақстандық опера әншілері киіп көреді.