- Негізгі бет
- Театр
- Гамлет...
Гамлет
Өткен төрт ғасыр бойында У.Шекспир шығармаларын зерттеуге байланысты мыңдаған еңбек жазылды. Саясат, экономика, мәдениет, өнер және әдебиеттану, т.б. қоғамдық саланы қамтыған бұл зерттеудің аясының кеңдігі соншлықты, оған атсалыспаған, өз тұрғысынан үңілмеген бірегей тұлғалар некен-саяқ. У.Шекспирдің солардың бәріне дерлік жауап қата алғаны тағы анық. Сол шалқар шығармашылықтың қақ төрінде бір туынды бар десек, ол — 1601— 1602 жылдары жазылған У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы деуге болады. Аталған шығарманы әркім әр түрлі түсінер, бірақ, ондағы сыр төрт ғасыр бойында адамзаттың зейін-зердесін үздіксіз сынаумен келеді. Драматруг, ақын, жазушы біткен шығармасы туралы ой қорытып, өнердің табиғаты туралы толғанып, тереңдікке құлаш ұрған сәтінде, қашанда, бір дауыс оған әлдебір шалғайдан жаңғыра үн қатып тұрғандай сезінеді. Ол — баяғы сол «Гамлеттің» даусы. Содан да өнер тарихында «Гамлет» әлдеқашан әдебиет деген бекзат әлемнің тылсым сыры жасырынған шығарма ретінде қабылданып кетті. Т.С.Элиоттың «Гамлет» атты еңбегі автордың тақырыпқа модернизм тұрғысынан келген бірегей шығарма саналады. Ағылшын поэзиясында дәуір бөлгіш рөл ойнаған ақынның Гамлетке байланысты ортаға салған ойлары өнердің ішкі табиғатын тану, шығарманың драмалық конфликттік мәні тұрғысынан дәстүрлік танымнан өзгеше. Төменде осы мақаланы оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.
Т.С.ЭЛИОТ: ГАМЛЕТ
Өте аз сыншылар ғана «Гамлет сахналық туынды ретінде маңызға ие, ал кейіпкер ретінде маңызы айтарлықтай емес» деп қарайды. Кейіпкер ретінде Гамлет кірпияз сыншылардың бәрін дерлік еріксіз өзіне тартатын қасиетке ие. Себебі, талантты сыншылардың дені шығармашылықта белгілі себептерден өзін толық көрсете алмаған, содан сынға келген адамдардың санатына жатады. Олардың дені Гамлеттің бойынан өздерінің бақытсыз бет-бейнесін жолықтырады. Гетеде сондай ерекшелік болды. Ол Гамлетті өзінің сүйікті Витеріне айналдырып тынды. Корад та солай істеді, Гамлетті тағы бір Корадқа айналдырып жіберді. Бұл адамдар Гамлетті сөз еткенде өздерінің басты міндеті — өнер туындысын сөз ету екенін мүлде естен шығарған сияқтанады. Жоғарыдағы екі тұлғаның Гамлет туралы жазғандары кімді болса да адастырмай қоймайды. Себебі, олар жұртта жоқ сыншылық қабілеттерін іске сала отырып, барын сіңіріп, өздерінің Гамлетін Шекспирдің Гамлетіне айналдырады да, керемет бір дүние жасап жібереді. Бақытымызға орай, И.Петер мырза «Гамлетті» зерттеуде мұндай қателікке жол бермепті.
Біздің замандастарымыз Робертсон мен Минесота университетінің профессоры Стор мырзалар шағын екі еңбегін жарыққа шығарған. Бұл зерттеулер шекспиртануда жаңа бағыт ашып отыр. Стор мырза бізге XVI, XVII ғасырлардағы сыншылардың қандай көзқарас ұстанғанын жеткізеді. Ол былай деп жазыпты:
«Кейінгі сыншыларға қарағанда оларда психологиялық жақтағы тереңдік жетіспейді, бірақ, көңіл-күй тұрғысынан олар Шекспирге жақын. Олар кейіпкерге емес, туындының беретін әсері мен жалпы сипатына баса мән береді. Сондықтан дәуірі өтіп кеткеніне қарамастан сахна өнері үшін бұлар құнды көзқарас болып қала береді».
Өнер туындысын өнер ретінде түсіндіре алмайсың. Түсіндіретін де ештеңесі жоқ. Біз оны тек өзге бір туындымен салыстыру арқылы ғана өз ойымызды айтамыз. Ал «түсіндіру» деген өзің де толық біле бермейтін кейбір тарихи деректерді оқырманға жеткізу дегенге барып саяды. Робертсон мырза бұл тұрғыдан жақсы айтқан: «Гамлетті» түсіндірген сыншылардың денінің сәтсіздікке ұшыраған себебі, олар бір шындықты естен шығарып алған сияқты: «Гамлеттің» көп қыры бар және оны кейіпкерлер ортақ күш салу арқылы жүзеге асырады. Бұл барыста кейінгілер бұрынғылардың түсінігімен өзін толықтырып отырады, — дейді ол. Егер біз «Гамлетке» Шекспир бекітіп кеткен аумақ ішінде талдау жасамай, оны өз ортасынан бөліп алып сөз етсек, онда біз мүлде басқа «Гамлетті» жасамай тынбаймыз.
Испандық Томас Кид жұрттың бәрінен бұрын «Гамлет» деген сахналық шығарма жазғанын білеміз. Талантты қаламгердің (талантты ақын десек те жарасады) ұқсамаған стильде жазған «Испан трагедиясы» және «Фипершаменнің Адины» деп аталатын айтулы туындылары бар. Біз оның Гамлетіне үш тұрғыдан баруымызға болады: аталған шығарманы жазушы «Испан трагедиясы» негізінде байытып, бөлек шығарма етіп жазған. Бұдан тыс Шекспирдің көзі тірі кезінде Германияда аталған тақырыппен сахналық шығарма қойылған. Дерек бойынша бұл мәтіннің Шекспирмен көп қатысы жоқ. Осы туындыларға талдау жасап көрсек, испандарда шығарманың түйіні кек алуға ғана барып саяды. «Испан трагедиясына» ұқсамайтын жері, онда кейіпкердің ойға алған ісін жүзеге асыруына ханның қарауылдары кедергі келтіріп, қастандық кешеуілдей береді. Гамлет ойын жасыру үшін өзін «жынды» етіп көрсетеді және ол рөлді сәтті ойнайды. Ал Шекспирдің шығармасында түпкі түйін кек алудан әлдеқайда күрделеніп, тіпті, алдыңғы ойды көміп кеткен деуге де болады. Қастандықта кешіктіре берудің де мәні өзгерген. «Жынды» болып көріну жасырыну үшін емес, қайта, ханға әлденені ишарамен жеткізудің тәсіліне айналады. Бұл арада бұрынғы мәтін толық өзгерді деуге келмес. Алайда, сөз алыс жағында мәтіннің «Испан трагедиясына» жақын келетін тұстары баршылық. Шекспир Томас Кидтің туындысын әбден пайдаланған деуге болады. Бұдан тыс, шығармада кездесетін кейбір көріністер таңқалдырады. Олар Шекспирге де, Томас Кидтің қолтаңбасына да жатпайды. Робертсон басында бұлар Томас Кидтің мәтінінде кездескен, кейін оны Чариман өзгертіп пайдаланды, Шекспир содан алды деп түсіндіреді. Робертсон мырза Томас Кидтің сахналық шығармалары көбіне екі бөлімнен тұратынын, әр бөлімі бес көріністен келетінін дәлелдеп шыққан. Шекспирдің «Гамлетін» біз шешесі өткізген қылмыстың баласына жасаған әсері туралы сахналық шығарма деуімізге болады. Бірақ, драматург өз ойын әуелде бар материалға балдай батырып, соудай сіңіріп жіберген деп айта алмаймыз.
Шекспирдің алдынан айналып өтуге болмайтын қиындықтың шыққаны анық. Бұл шығарманы драматругтің өкілдік туындысы саналмайтын, өнер тұрғысынан сәтсіз шыққан туынды деуге болады. Басқа шығармаларына салыстырғанда бүл туындыда адам байыбына барып болмайтын тұстар көп. Шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі, әрі жүрек қанын сарқығанына қарамастан, бұл шығармада одағай, артық-кем қалған тұстар жетерлік. Сөз алыстағы өзгеріс бірден көзге ұрып тұрады.
Қызыл шидем жамылған қырдың таңы
Кешіп келе жатыр ғой шың моншағын шығыстың.
(Аударған Хамит Ерғалиев.)
Мұндай өлең жолдары Шекспирдің «Ромео мен Джульеттаны» жазған кезеңдегі қолтаңбасын елестетеді. Төмендегі жолдар шығарманың бесінші пердесінің екінші көрінісінен алынған.
Маған ұйқы бермеді.
Іштегі бір арпалыс. Өз төсегім
Сәкісіндей түрменің.
Көрегендік алдағанда біздерді,
Көр соқырлық неше дүркін сақтады-ау...
Иығыма бешпетімді іле сап,
Қараңғыда каютадан шықтым да....
(Аударған Хамит Ерғалиев.)
Бұл жолдар Шекспирдің әбден толысқан кездегі қолтаңбасын айғақтайды. Шеберлік пен ой қиыннан қиысып тұрған тұс. Айналып өте алмайтын қиындық пен тақырыптың ауырлығы тұрғысынан бұл шығарма тағы бір өтпелі кезеңнің туындысы делінетін «Жақсылыққа жақсылық» комедиясымен сабақтасып жатыр. Бұл шығармалардан кейін Шекспир бірнеше трагедия жазған. Айталық, олардың ішінде «Антоний мен Клеопатра» бар. Бұл туындыны Шекспирдің кімді болса да тамсандырмай қоймайтын, өнер тұрғысынан биік жетістікке жеткен шығармасы деуге негіз бар. Жұрттың көбі «Гамлетті» қызықты болғаны үшін өнер туындысы санайды, ал өнер туындысы ретінде қызықты болуы, ол басқа мәселе. Бұл шығарманы мен әдебиеттегі «Мона Лиза» деп атаған болар едім.
А. Оралқызы