Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында Сараның партиясын алғаш рет орындайды. Сопраноның өнерін 9 желтоқсанда «Астана Опера» театры Үлкен залында бағалай аласыздар.
Әншінің дарындылығы мен керемет вокалдық жетістіктерін әртүрлі халықаралық байқаудың әділқазы мүшелері бірнеше мәрте атап өткен. Бибігүл Жанұзақ 2010 жылы итальялық Йези қаласында, сонымен қатар Болонья қаласындағы Associazione Opera Italiana di Bologna театрында тәжірибеден өткен. Кейін ол Милан қаласындағы аты аңызға айналған Ла Скала театрының академиясына барады және Мирелла Френнидің шеберлік сабағынан өтеді.
Бүгінгі таңда Бибігүл Жанұзақ – болашағынан зор үміт күттіретін опералық әнші, оның репертуарына қазақ, орыс және батыс еуропалық опералардың басты партиялары кіреді. Солист басқа театрдың сахналарында Сараның партиясын бірнеше рет орындағанмен, «Астана Опера» театрының Үлкен залында алғаш рет шырқайды.
– Бұл операда әр кейіпкер қайталанбас музыкалық әуенмен бейнеленеді. Менің қаһарманым – әділдік пен қайырымдылықтың иесі болған ақын қыз. Сара өзі арқылы әйел махаббатының мәнін паш етеді. Егер партияның мазмұнына емес, техникалық жағына назар аударсақ, әрбір әнші рольдің күрделі драмалық жағын анық көрсетуге тырысады. Мұны барлығы бірдей көрсете алады деп айта алмаймын. Партия өрнекті болып шығу үшін үлкен актерлік шеберліктен бөлек ерекше вокалдық орындау өнері керек. М.Төлебаевтің операсын XX ғасырдың ең әйгілі шығармаларының бірі санаймын.
Онда өткен өмір жаңғыртылған, әлеуметтік теңсіздік пен байлардың зорлық-зомбылығы көрсетілген. Операның соңы трагедиямен аяқталады, Біржан қайтыс болады. Алайда халқына деген ыстық махаббаты және оның жарқын болашақ туралы арманы бейнеленген рухты әндері өшпейді. М.Төлебаевтың опералық озық туындысында асқақ өнер идеясы, суретшінің мәңгілігі, оның зұлымдықпен, әділетсіздікпен бітпес күресі көрсетілген.
Бiржанның партиясын Мейір Бәйнешов орындайды, Сара – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев, Алтынай – Айзада Қапонова, Аналық – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері – Дина Хамзина, Қожағұл – Ескендір Әбжанов, Жиенқұл – Талғат Ғалеев, Естай – Бейімбет Таңарықов, Серік – Рамзат Балақышиев.
Қойылым бір үзілістен тұрады. Ұзақтығы – 2 сағат 30 минут, қазақ тілінде орындалады (орыс тілінде жазбаша ілеспе аударма жүреді). Қойылымның басталуы – 19:00.