- Негізгі бет
- Театр
- «Аққу көлінде»...
«Аққу көлінде» қойылымының мағынасы
Сенімділігімен және батылдығымен ерекшеленетін дуэт, Мариинский театрының премьерлері: халықаралық конкурстардың лауреаты Оксана Скорик пен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Евгений Иванченко П. Чайковскийдің «Аққу көлінде» өнер көрсетуге шақыртылды. Спектакль 2 қарашада «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтеді.
Композитор әлемдік хореографиялық классиканың жауһарын 1875 жылы жазған. Елордалық театр сахнасында аталған балет қазақстандық қоюшы хореографтар, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаеваның нұсқасында қойылады.
«Аққу көлі» негізіне халық арасында кеңінен тараған ауыз әдебиеті ертегісіндегі зұлым күштің дуасынан құсқа айналған қыз жайлы оқиға алынған. Чайковскийдің балетінде Зигфрид ханзада (Евгений Иванченко) Одеттаны (Оксана Скорик) құтқарады, алайда ол жазмыштан асып кете алмай, опасыздық танытады да, қайғылы оқиғаның себепкері болады. Ханзада сарайындағы балға Одеттадан айнымайтын Одиллия келеді, алайда ол Одеттадай нәзік әрі ұялшақ емес, еліктіргіш те, зұлым еді. Адалдық антын бұзған Зигфрид, шын мәнінде Одеттаға берік. Әйтсе де қателігін түсінген ханзада мейірімсіз Ротбартпен күрес кезінде өз махаббатын дәлелдейді.
– Мен үшін бұл қашанда ең күрделі спектакль, солай болып қала береді. Техника мен кейіпкерді сомдау тұрғысынан алғанда. Барлық қиыншылықтарға қарамастан, мен оны өте жақсы көремін. Нәзік, жүректі қозғайтын, кейде толқып, шамалы жатсынып тұратын, сөйте тұра нағыз махаббатқа сенген Одеттаны және жарқырағаны болмаса, бос кеуде, еліктіріп әкететін һәм әміршіл Одиллияны орындау – ең негізгі мақсат. Олардың екеуі де жаныма жақын. Бойымнан екеуі де табылады, сол себепті мен сахнада ойнамаймын, өз сезімімді бастан кешемін деуге болады. Мен бұл бейнелерді үнемі бүкпесіз орындауға тырысамын, - дейді Оксана Скорик.
Балеринаның өмірі мәнді әрі түрлі оқиғаларға қанық. Осынша жас шағында ол тек театр сахнасында ғана бағын сынаған жоқ, оның қоржынында «Тамаша трагедия» атты фильмде басты кейіпкерді сомдаған жарқын бейнесі де бар. Сахнадағы серігі – Евгений Иванченко Мариинский театры ханзадаларының бірі, ұзақ уақыт бойы Үлкен театрда билеген.
Жақында Скорик-Иванченко дуэтіне 5 жыл толды.
– Өткен маусымда біз жұп болып билеген спектакльдер айтарлықтай көп болды. Алғаш рет «Жизель» балетінің екінші актінде бірге Па-де-де орындаған едік. Біз оған бір-ақ рет репетиция жасадық, себебі номерге дайындалған әріптесім ауырып қалғандықтан, гастрольге бара алмады. Мен сол кезде-ақ Женя өзінің жұмысына, сахнадағы серігіне қаншалықты мұқият әрі сыпайы екеніне қайран қалғанмын. Қолына бір хрусталь вазасын ұстап тұрғандай. Сондықтан сахнаға шыққанда, мен оған толық сенемін.
Бір антрактіден тұратын спектакль 2 сағат 30 минутқа созылады.
@. @assel_assanova